Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
- Нұрайдың өліміне күдікті адам қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, сот-медициналық сараптамалар жасалады. Күдікті соттың санкциясымен екі айға қамалды. Осы қылмыстық іс аясында істің барлық мән-жайы жан-жақты, толық, объективті зерттеледі, - деді С. Әділов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол Шымкент қаласы департаментінің жедел-тергеу тобы аталған іске қатысты тергеу амалдарын жалғастырып жатқанын айтты.
- Осы қылмыстық іс бойынша Шымкентке орталық аппараттың тәжірибелі басшыларының тобы жіберілді. Олардың арасында бұл Криминалдық полиция департаменті, Тергеу департаментінің мамандары қамтылды. Тергеу барысын ерекше бақылауда ұстап тұрмыз, - деді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі бойжеткеннің өліміне қатысты Бас прокуратураға тапсырма берді.
20 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі Шымкент полиция департаментінде кадрлық шешімдер жасағанын мәлім етті. Бұл шешімдер 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қабылданды.
Айта кетейік, марқұм Н. Серікбайдың өліміне күдікті ретінде 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.