Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
26-27 наурыз күндері сағат 11:00–ден бастап Шымкентте Темірлан тасжолы, Желтоқсан көшесі, Қонаев және Бәйдібек би даңғылдарының бір жағы жабылып, көлік қозғалысы шектеледі.
— Уақытша қолайсыздыққа түсіністік танытып, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз, — деп хабарлады қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына және «Digital Qazaqstan — 2026» халықаралық форумына Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкімет басшылары, Арменияның вице-премьері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысады.
Сонымен қатар, ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттердің өкілдері де қатысады деп жоспарланып отыр.
— Шағын және кеңейтілген құрамда өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысының күн тәртібі сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін қамтиды. 27 наурыз күні ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің, бақылаушы елдердің және шақырылған мемлекеттердің делегация басшылары «Digital Qazaqstan — 2026» жыл сайынғы форумының пленарлық сессиясына қатысады. Дәстүрлі форум жұмысына саяси және қоғам қайраткерлері, ірі IT-компаниялардың басшылары мен цифрлық сала сарапшылары қатысуы жоспарланған, — деп хабарлады ҚР СІМ.
ЕҮАК-тың кезекті отырысы Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінде, ал «Digital Qazaqstan — 2026» форумы Qyzgaldaq saraiy ғимаратында өтеді.
Еске салайық, 2026 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты жасанды интеллектіні дамытуға, Еуразияда логистикалық хаб қалыптастыруға, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруға, сондай-ақ кедергісіз сауданы кеңейтуге бағытталған.