Шымкентте 30 отбасыға пәтер кілттері табысталды

22.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

«Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында 30 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстады. Көп қабатты үйлер Бозарық шағынауданында орналасқан. Баспаналы болғандардың қатарында көп балалы отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және бюджет саласының қызметкерлері бар.
Айта кету керек, жеке баспанаға қол жеткізу – әр отбасы үшін маңызды қадам. Қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асырудың нәтижесінде қала тұрғындары баспана мәселесін шешіп, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік алып отыр.

Қаланы аралау барысында жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатыстым. «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларының аясында тағы 30 отбасы баспаналы болды. Қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындарды құттықтап, әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ-дәулет тіледім, - деп жазды әлеуметтік желіде қала әкімі.

Сонымен қатар әкім бейорганикалық химиялық заттар өндіруге маманданған «Тұран Химстрой» ЖШС-нің жұмысымен танысқан. Кәсіпорын жылына 12 мың тоннаға дейін сұйық каустикалық сода өндіріп, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Компания басшылығымен өндірістік қуатты ұлғайту, экспорттық әлеуетті арттыру және каталитикалық крекингке арналған катализаторлар шығаратын зауыт салу жобасын іске асыру мәселелерін талқыладық. Бұдан бөлек зергерлік бұйым өндіретін «Declare Group» ЖШС-нің қызметімен таныстым. Кәсіпорын ай сайын шамамен 10 мың грамм дайын өнім шығарады және 155 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кездесу барысында өткізу нарығын кеңейту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне ерекше назар аудардық.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпорындарға қажетті қолдау көрсету тетіктерін пысықтауды, олардың инвестиция және экспортқа бағытталған бастамаларын жан-жақты сүйемелдеуді тапсырдым, - дейді Ғабит Сыздықбеков.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью