Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Шымкент қаласында балалардың құқықтарын қорғау бағытында жаңа басқарма құрылады. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бір ай көлемінде жаңа басқарма өз жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр.
— Наурыз айының соңында қала әкімінің қаулысы қабылданды. Қазіргі таңда аталған құрылым әділет департаментіне тіркеуге жолданды. Жаңа басқарманың құрылуы өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейтіп, қолдау шараларын жүйелеуге бағытталған, — деді ол баспасөз мәслихатында.
Брифинг барысында басқарма басшысы қалада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық ортада тәрбиелеуге басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
Спикердің сөзінше, бүгінде қала бойынша 817 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар.
— Оның ішінде 670 бала отбасылық тәрбиеде өсіп жатыр. Ал 121 бала өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тәрбиеленіп келеді. Сонымен қатар, № 6 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығында 19 бала, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 4 бала, ал мамандандырылған Бөбектер үйінде 3 бала орналастырылған. Әлеуметтік мәртебесіне қарай бұл балалардың 359-ы — жетім, ал 458-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар санатына жатады, — деді Қуаныш Ысқақов.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында 294 мектеп бар, оның 164-і — мемлекеттік, ал 130-ы — жекеменшік. Онда 280 мыңға жуық оқушы білім алады.
Бұдан бұрын Шымкентте оқушылар арасында 11 суицид фактісі тіркелгенін жазған едік.