Шымкентте білім беру ұйымдарында 700 млн теңгеден астам қаржы заңсыз төленген

28.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің айтуынша, Шымкенттегі білім беру ұйымдарында айлығы төмен кіші қызметкерлерге жергілікті бюджет есебінен төленетін өңірлік үстемеақыны беру тәртібі 211 ұйымда сақталмаған.

— Нәтижесінде 2845 қызметкерге қатысты заң бұзу анықталып, кейбіріне үстеме мүлде төленбеген, кейбіріне толық емес көлемде берілген, ал кейбір қызметкерлерге тиесілі болмаса да үстемеақы төленіп келген. Осы заңсыздықтардың салдарынан 700 млн теңгеден астам қаражаттың артық төленгені белгілі болды. Бұл қаржыны бюджетке қайтару бойынша құзырлы органдарға тиісті ақпарат жолданды, — деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар әкімдіктің ресми өкілі қаладағы 2 мыңға жуық бос жұмыс орнының жарияланбағанын атап өтті. Аталған заң бұзу білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасу процесін қиындатқан.

— Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарында жалпы саны 2 063 бос жұмыс орны бар. Педагогтарды жұмысқа қабылдау Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс болғандықтан, барлық бос орындарға конкурс өткізуді орталықтандыру туралы шешім қабылданған. Осы мақсатта мектептерден білікті мамандар іріктеліп, 15 топтан тұратын арнайы комиссия жасақталды. Бұл комиссиялар конкурс барысының әділ әрі ашық өтуін қадағалайды. Осыған байланысты 29-30 қаңтар күндері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі, — деді ол.

Бұдан бұрын Шымкентте мектептің бас бухгалтері 400 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью