Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 43 086 мүгедектігі бар адам тіркелген.
Қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің айтуынша, биыл Шымкентте 985 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған.
— Жыл басынан бері бұл бағытта 156 азамат жұмыспен қамтудың түрлі шараларына жолданды. Оның ішінде 61 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 39 азамат «Бастау бизнес» жобасына қатысып, 2 адам «Күміс жас» бағдарламасына тартылды. Сондай-ақ 50 адам қоғамдық жұмыстарға, 4 жас маман жастар практикасына жолданды, — деді ол.
Спикердің сөзінше, қала әкімінің қаулысына сәйкес мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін 34 мекемеде 165 жұмыс орнына квота белгіленген. Бүгінгі күнге дейін 11 мекемеде 18 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және білім беру ұйымдарының түлектері үшін сегіз жұмыс орнына квота белгіленген.
— Жоспарланған сегіз адамның бесеуі тұрақты жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда 2025 жылы оқуын аяқтаған және биыл бітіретін түлектердің тізімдері жасақталып, алдағы уақытта оларға ірі кәсіпорындарда таныстыру кездесулері, жұмыс барысымен танысу шаралары және жастар орталығымен бірлескен бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылатын болады, — деді қала әкімінің орынбасары.
Бұдан бұрын мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 111 мыңнан астам қызмет алғанын жазған едік.