Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Өткен жылы Шымкентте 19 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 21 адам зардап шеккен. Оның ішінде 9 қызметкер жұмыс орнында көз жұмса, 10-ы ауыр, 2-і жеңіл жарақаттанған.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында 107 нысанда 137 заң бұзу анықталған.
— Нәтижесінде оның 23-іне жалпы 3,7 миллион теңге айыппұл салынды. Жалпы 6 жазатайым оқиға тіркеліп, 6 адам зардап шекті, олардың барлығы ауыр жарақаттанған. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Әрбір оқиға бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды, — деді департамент басшысының орынбасары Серік Алиманов.
Сонымен қатар жұмысшыларға жалақы төлемей келген кәсіпорындар да анықталған. Мәселен, жыл басында 3 кәсіпорынның 15 қызметкерге 25,3 миллион теңге берешегі болған. Еңбек инспекциясының араласуымен бұл қаржы толық қайтарылды.
— Алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша Шымкент қаласында жалақы берешегі толық жойылды. 55 кәсіпорыннан 1680 жұмыскердің пайдасына 490,1 млн теңге жалақы қарызы өндірілді. Осылайша 1680 жұмыскердің бұзылған еңбек құқықтары қалпына келтірілді, — деді спикер.
Дегенмен банкрот деп танылған 2 кәсіпорынның 45,8 млн теңге жалақы берешегі әлі өтелмеген.
— Атап айтқанда «ФЕБ строй» ЖШС 2 жұмыскерге 34,1 млн теңге, ал «Шымкент құрылыс» серіктестігі 33 жұмыскерге 11,7 млн теңге қарыз. Аталған берешекті түпкілікті өндіру мақсатында кірістер органдарымен бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр, — деді Серік Алиманов.
Бұдан бұрын өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеу процесі толық автоматтандырылғанын жазған едік.