Arasha.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Шымкенттік жүргізуші бар екпінімен газ тарату шкафына соғылып, оны тас-талқан етті. Оқиға орнында нағыз «отты шоу» басталып, жергілікті тұрғындардың зәресін алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Абырой болғанда, жүргізуші көліктен дер кезінде секіріп үлгеріп, аман қалды. Көлік газ құбырына соғылған сәтте газ-ауа қоспасы жарылып, темір тұлпар сол мезетте-ақ лаулаған өртке оранды.
Жол-көлік оқиғасы Шымкент шетіндегі Базарқақпа тұрғын алабында болды. Төтенше жағдай орнына өрт сөндіру есептерінің қандай жылдамдықпен ұшқанын елестету қиын емес.
Шымкент қалалық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалын екі ұңғы арқылы сөндірілген. Ең бастысы өрт сөндірушілер тілсіз жаудың тұрғын секторға жайылуына жол бермеді. Тек жақын маңдағы үйдің терезелері жарылып, аздап зақымдалған.
Газ құбырының зақымдалған бөлігі уақытша ажыратылды. Газ мамандары жөндеу жұмыстарын жедел түрде аяқтауға уәде беріп отыр.