Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 26 сәуір – Чернобыль атом электр станциясы апатының құрбандарын еске алу күніне орай 192 адам және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 181 адам 194 625 теңге көлемінде көмек алады.
– Сонымен қатар 64 875 теңге көлеміндегі бір реттік төлем 9 мамыр – Жеңіс күніне орай тыл еңбеккерлері саналатын 1280 адамға, Ұлы Отан соғысы кезінде жарақаттан немесе аурудан қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың екінші рет некеге тұрмаған 60 жұбайына және қаза тапқан әскери қызметшілердің 163 отбасына беріледі, – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Аталған қаражат азаматтардың шоттарына автоматты түрде аударылады. Бір реттік әлеуметтік көмек қалалық мәслихаттың 2024 жылғы 19 наурыздағы шешімімен бекітілген.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте Ұлы Отан соғысының көзі тірі ардагерлері қалмаған. Өткен жылдың қарашасында соңғы майдангер Мұраталы Төлепбергенұлы 101 жасында дүниеден өтті.
Бұдан бұрын Қарағанды облысында Жеңіс күніне орай майдангерлерге 5 миллион теңгеден берілетіні хабарланған еді.