Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қазақстан Байланыс саласындағы өңірлік достастық шеңберінде және Халықаралық электр байланыс одағымен өзара іс-қимыл жасау мақсатында бірқатар халықаралық кездесулер өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Радиожиілік спектрін басқару және спутниктік байланыс мәселелеріне арналған бұл шаралар бүгін Шымкент қаласында өтті.
Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 120-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік орган басшылары, халықаралық ұйым өкілдері мен салалық сарапшылар бар. Іс-шараны ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұйымдастырды.
Күн тәртібінде Радиожиілік спектрін және спутниктік орбиталарды реттеу жөніндегі комиссияның 29-шы отырысы, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағымен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобының 56-шы отырысы өтті. Тараптар орбиталық-жиілік ресурсын тиімді пайдалану және халықаралық ұстанымдарды үйлестіру мәселелерін талқылады.
Ерекше назар 2027 жылғы Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясына дайындыққа аударылды. Қатысушы елдер телерадио хабарларын тарату мен цифрлық сервистердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша тәсілдерді үйлестірді.
ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков бұл кездесулердің стратегиялық маңыздылығын атап өтті:
«Байланыс саласындағы өңірлік достастық комиссиясы қатысушы елдер үшін стратегиялық мәнге ие. Бұл алаңда келісілген ұстанымдар қалыптасып, радиожиілік ресурсын тиімді пайдалану үшін нақты негіз қаланады. Қазақстан байланыс саласын жүйелі түрде дамытып келеді: 5G енгізу, ауылдық аумақтарды қамту және спутниктік инфрақұрылымды дамыту біздің негізгі басымдықтарымыз».
Сонымен қатар, Digital Bridge 2026 панельдік сессиясы өтіп, телекоммуникация саласындағы цифрлық трансформация мен инновациялар мәселелері талқыланды.
Кездесулер қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер мен ұсынымдар байланыс әкімшіліктері мен операторлардың қызметіне енгізіледі. Бұл халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, радиожиіліктерді бөлу саласында елдердің мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін мұндай кездесулер Санкт-Петербург, Душанбе, Брест және Ереван қалаларында өткен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.