Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Шымкент қаласындағы Nº145 жалпы орта білім беретін Келешек мектебінде өтіп жатқан іс-шара сәуір айының 13-і күні қорытындыланады. Білім жарысы орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті және құқық негіздері пәндері бойынша өтеді. Дарынды балаларды анықтау және олардың ғылыми әлеуетін дамытуға арналған зияткерлік байқауда еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 272 оқушы бақ сынайды. Атап айтқанда, білім бәйгесіне орыс тілі мен әдебиетінен 87 оқушы, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиетінен 92 қатысушы, құқық негіздерінен 93 оқушы қатысып жатыр.
Оқушылар тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің әдеби талдау, ойлау, шығармашылық және коммуникация қабілеттерін дамытады. Сонымен қатар, құқықтық білім негіздерін игеріп, заңдар мен олардың күнделікті өмірде қолданылуын үйренеді.
Фото: Оқу-ағарту министрлігіҚатысушылар үшін тарихи-мәдени орындарға экскурсия, психологиялық тренингтер және Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында қойылым тамашалау ұйымдастырылады. Бағдарлама оқушылардың білімін тереңдетумен қатар, олардың жеке тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде өтуде. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша барлығы 720 оқушы қатысуда. Тараз қаласында өткізілген сайыста 270 оқушы бақ сынап, олардың 121-і жүлделі орындар иеленді.
Бұған дейін әскери дайындық пәнінің атауы өзгеріп, мазмұны жаңаратынын хабарлағанбыз.