Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылы қалада 61 нысан жоспарлы түрде, ал 175 нысан жоспардан тыс арыз-шағымдар негізінде тексерілген.
Тексеру қорытындысы бойынша санитарлық талапты бұзғандарға 288 әкімшілік шара қолданылып, 58 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.
Департамент басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметовтың айтуынша, анықталған кемшіліктердің көбі дезинфекциялық режимнің бұзылуы, нысандарды жуып-тазалау тәртібінің сақталмауы, жеке бас гигиенасының талапқа сай болмауына қатысты болған.
Сонымен қатар дезинфекциялық ерітінділердің сәйкессіздігі анықталып, қызметкерлердің медициналық тексеруден уақытылы өтпеуі немесе мерзімінің өтіп кетуі жиі кездескен.
— Былтыр барлығы 3179 өтініш түсті. Оның 2899-ы — жеке тұлғалардан. Тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық тамақтану орындарына қатысты шағымданған. Сондай-ақ сауда орындары мен жеке медициналық мекемелерге қатысты арыз-шағымдар да жиі тіркелді, — деді ол баспасөз мәслихатында.
Спикердің сөзінше, өткен жылы қалада тағамнан уланудың 4 дерегі тіркелген.
— Барлық жағдай бойынша жедел тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 5 нысанның қызметіне қатысты материалдар сотқа жолданды. Бұдан бөлек, 15 нысанның қызметін тоқтату туралы қаулы шығарылды. Талапқа сай келмейтін бір азық-түлік өнімі сатылымнан алынды. Медициналық тексеруден өтпеген 14 қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілді, — деді Алдарқұл Ахметов.
Сонымен қатар мониторинг барысында қала аумағынан атмосфералық ауаның 22 955 сынамасы алынған. Оның 48-інде шекті рұқсат етілген концентрациядан асу фактілері анықталды. Аталған деректер бойынша тиісті органдарға ақпарат жолданып, экология саласы тарапынан әкімшілік шаралар қабылданған.
Бұдан бұрын Шымкент еліміздегі ауасы ең көп ластанған 10 қаланың қатарына енгенін жазған едік.