Шымкентте сегіз жыл бұрын басталған А 2 автомобиль жолының құрылысы қашан аяқталады

07.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Жалпы ұзындығы 28 шақырымдық магистраль қаладағы негізгі көлік ағындарын реттеуде маңызды рөл атқарады. Ол арқылы елдің оңтүстік-шығыс және батыс өңірлеріне, сондай-ақ Түркістан облысы бағытына транзиттік жүк тасымалы жүзеге асырылады.

Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 8 кезеңнен тұратын жобаның құрылысы сегіз жыл бұрын басталған.

— А-2 автожолын 6 жолақты етіп кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Жоба құны — 31,5 млрд теңге. Қазіргі таңда 1, 2, 3, 4, 6 және 8-кезеңдер пайдалануға берілді. Ал қалған 5 және 7-кезеңдердің 14 шақырымының құрылысы жалғасып жатыр, — делінген басқарма ұсынған ақпаратта.

Фото: Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Дегенмен, күре жол құрылысының кейбір учаскелері көптен бері көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып отыр.

Тұрғындардың айтуынша, Қазығұрт және Құрсай шағынаудандарында құрылыс қарқынының баяулауы салдарынан көлік кептелісі жиілеген.

— Бұл аумақ арқылы жеңіл көліктермен қатар, негізінен транзиттік ауыр жүк көліктері өтеді. Әсіресе, Қазығұрт шағынауданындағы «Нұр» дүкені маңында ұзын-сонар кептеліс болады. Бір жылдан астам уақыттан бері осындай жағдай жалғасып келеді, — деді тұрғын Талант Оралов.

Ведомство мәліметінше, тұрғындар жиі шағымданып жатқан аталған учаске — ұзындығы 6,2 шақырым болатын 5-кезеңге тиесілі. Оның құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған.

— Құрылыс барысында бірқатар қиындық туындады. Жол бойындағы заңсыз салынған нысандар жол негізін дайындау жұмыстарына кедергі келтірді. Олардың қатарында 3 тұрғын үй, 7 қоршау және 1 автосервис нысаны бар. Қазіргі таңда жұмыстардың 50 пайызы орындалды. Бір бағытта 4 шақырым асфальтбетон жабыны төселіп, 2 шақырым аяқжол салынды. Жарықтандыру бағаналары мен инженерлік желілер қайта орнатылды, — деді басқарма өкілдері.

Сонымен қатар, Қазығұрт және Құрсай шағынаудандары тұрғындарының өтінішіне сәйкес 7 орында уақытша аялдама орнатылған. Уақытша жолдарда тегістеу және су себу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Фото: Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Әкімдік өкілдері ауқымды жобаның құрылысын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отырғанын атап өтті.

— Тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Барлық шара қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған, — деп хабарлады ведомство.

Бұдан бұрын Шымкентте құрылысы баяулап тұрған және кептелісі көбейген жол бөлігі халықты әбігерге салғанын жазған едік. 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью