Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында «Сталкинг» бабы бойынша қылмыстық іс қаралды.
Қалалық соттың мәліметінше, сотталушы 2022-2025 жылдар аралығында жәбірленушімен жігіт-қыз ретінде сөйлесіп, кездесіп араласып жүрген. 2025 жылдың желтоқсан айында араларындағы түсініспеушіліктен кейін жәбірленуші онымен қарым-қатынасты тоқтатып, кездесуден бас тартқан.
– Алайда сотталушы жәбірленушінің қарсылығына қарамастан онымен байланыс орнатуға тырысып, аңдыған. Сот оның әрекеттерін зорлық-зомбылықсыз, бірақ жәбірленушінің жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын және еркін жүріп-тұруына кедергі келтірген заңсыз қудалау ретінде бағалады, – делінген хабарламада.
Прокурор сотталушыға қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші кешірім бермейтінін білдіргенімен, жеңіл жаза қолдануды өтінген. Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.
– Сот шын ниетпен өкінуді жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, ауырлататын жағдайларды анықтамады. Айыпталушы ҚК-нің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылды, – деп мәлімдеді ведомство.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын Шымкентте полиция сталкингтің екі дерегін әшкерелегенін жазған едік.