Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Шымкент қаласының әкімдігі сумен жабдықтау және су бұру нысандарын мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі сот ісінде жеңіске жетті.
Қалалық сот стратегиялық маңызы бар нысандарды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешімді әкімдік пайдасына шығарды. Апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырып, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.
Әкімдіктің хабарлауынша, қалада коммуналдық инфрақұрылымның стратегиялық нысандарын басқару мәселелерін қолданыстағы заң талаптарына сәйкестендіру бағытында кезең-кезеңімен жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
— Бұл шаралар ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссия шешімдерін орындау аясында қолға алынған. Негізгі мақсат — тіршілікті қамтамасыз ету саласында ашықтықты қамтамасыз ету, заң талаптарының сақталуын күшейту және тұрғындар мүддесін қорғау, — делінген қала әкімдігі таратқан ақпаратта.
Мәселе «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің қарамағындағы сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жекеменшік басқаруға беру кезінде құқықтық негіздердің заңдылығын талдаудан басталған. Тексеру барысында нысандарды жекешелендіру кезінде заң бұзу анықталды.
— Осыған байланысты қала әкімдігі заңда белгіленген тәртіппен стратегиялық маңызы бар коммуналдық инфрақұрылым нысандарын мемлекет меншігіне қайтару үшін сотқа жүгінді. 2025 жылы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жекешелендіруді жарамсыз деп танып, нысандарды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады, — деп мәлімдеді ведомство.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС апелляциялық шағым түсіргенімен, апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, әкімдік талаптарының заңдылығы расталып, нысандар мемлекет меншігіне қайтарылды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Су ресурстары маркетингі» мекемесін мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты пікір білдірген болатын.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Шымкенттегі ең ірі су жеткізуші оператор төңірегінде тағы да дау туындағанын жазған едік.