Шымкентте тұтынушылардың газға қарызы 900 млн теңгеден асқан

06.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Қалада төлем жасамаған абоненттер қатарында 30 063 тұтынушы бар. Қазіргі таңда көгілдір отынға жалпы қарыз көлемі 914 530 528 теңгеге жеткен.

— Мысалы, Жігер көшесінің бір тұрғыны өткен жылғы ақпаннан бері газ төлемін жасамай, шамамен 390 мың теңге қарыз болған. Бұған дейін ол газдан ажыратылғанымен, қызметті өз бетінше қайта қосқан. Енді оның берешегіне газды қайта қосу және дәнекерлеу жұмыстарының шығындары қосылады, — деді «QazaqGaz Аймақ» АҚ ШӨФ маркетинг және талдау бөлімінің бастығы Сұлтан Омаров.

Қысқы кезеңде газбен қамту ұйымдары қарызы бар абоненттерді өшіруді шектеулі түрде жүргізіп, газ беруді сақтауға тырысқан. Алайда жылыту маусымы аяқталған соң бұл тәсіл өзгерді.

— Біз қарызы бар абоненттерді өшіруді бастаймыз. Оны кейінге қалдырмаймыз. Газ тек ақылы негізде қайта қосылады, сондықтан тұтынушылар үшін жалпы шығын көлемі артады. Шымкент тұрғындарын төлемдерді кешіктірмеуге шақырамыз, — деп хабарлады компания.

Бұдан бұрын Шымкентте 18 мыңға жуық жүргізушінің көлік салығы бойынша 1 млрд теңгеден астам берешегі бар екенін жазған едік. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью