Шымкентте жілік майын трансплантациялау: алғашқы пациенттің тарихы

28.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Шымкентте үшінші сатыдағы қан қатерлі ісігіне шалдыққан 56 жастағы тұрғынға алғашқы рет өз бағаналы жасушаларын пайдалану арқылы жілік майын трансплантациялау жасалды - деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.

Жілік майын ауыстыру қалай өтеді?

Жыл басында Шымкенттің 56 жастағы тұрғыны ауыр дертке шалдыққанын білген. Бұл туралы бізге Шымкент қалалық онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухананың директоры Талғат Құрманов айтып берді.

"Қаңтарда диагноз қойылған кезде емделушіге бірден жілік майының аутологиялық трансплантациясы жоспарланды", - деп түсіндірді дәрігер.

Аутологиялық трансплантацияның донорлықтан айырмашылығы - науқасқа өз жасушалары қайта салынады. Бұл жағдайда донор қажет емес: адамның өз бағаналы жасушалары алдын ала алынып, кейін олар қайта құйылады.

Анықтама: Жілік майын ауыстыру - бұл науқасқа сау қан түзуші жасушаларды енгізу әдісі. Олар ауыр емнен кейін ағзаның қан өндіру жүйесін қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Жасушалар науқастың өзінен немесе сәйкес келетін донордан алынуы мүмкін.

Бағаналы жасушаларды алу процесі. Шымкент Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің бейнежазбасынан скриншот

Трансплантацияға дейін ер адам бірнеше емдеу курсынан өткен. Бірнеше айдан соң, 7 тамызда, оған жілік майын ауыстырып салу отасы жасалды. Ол Шымкентте мұндай процедурадан өткен алғашқы емделуші болды. Процестің өзі шамамен 25 минутқа созылды. Ер адам қазірдің өзінде ауруханадан шығарылды.

Бұл өңір үшін неге маңызды?

Талғат Құрманов жілік майының аутологиялық трансплантациясы 65 жасқа дейінгі науқастарды емдеудің "алтын стандарты" екенін айтады. Бұл әдіс мұндай жандардың өмірін айтарлықтай ұзартып, белсенді тіршілікке оралтады.

Дерігер трансплантация Онкогематология және жілік майын трансплантациялау орталығының басшысы Вадим Кемайкин мен Шымкенттегі орталықтың онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі Гамзат Сағындықовтың қатысуымен өткенін атап өтті.

Бұрын Шымкентте мұндай емді қажет ететін науқастар Қазақстанның басқа аймақтарына немесе шетелге баруға мәжбүр болатын. Енді мұндай көмекке өңірде қол жеткізуге болады.

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

“Кез келген адам анасына бүйрегін берер еді“ - ұлы анасына донор болғаны туралы

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Шымкент

Денсаулық

қатерлі ісік

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью