Шымкентте жол құрылысында кемшілік көп

25.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Шымкентте жөнделген және жаңадан салынған жолдар сапаға сай емес. Мамандар осылай деп отыр. 

Осыған байланысты мердігерлер мен қадағалаушы компаниялар айыппұл арқалады. Ал 170 миллион теңгенің жол жабындысы қайта төселді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Біз тұрған Хан тәңірі атындағы көшеге асфальт жабындысы қайта төселді. Себебі тексеру қорытындысынан соң жолдың жарты шақырымдық бөлігі сапа талабына сай еместігі анықталған. Мердігерлер нұсқауға сәйкес оны қалпына келтіру жұмыстарын өз есебінен жүргізді. 

Асфальт төсеу технологиясы сақталмаған жағдайда жол сапасы төмендейді. Осыған байланысты бақылаушы мамандар құрылыс учаскелерін 600-ден аса  тексеріп, 65 ақау актісін түзді. Зертханалық талдау нәтижесінен соң жол қатпарында бірқатар кемшілік анықталды. 

Ермек Намазов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» ҚФ директорының міндетін атқарушы:

- Негізінен тоғысқан жерлері сәйкес келмеуі бар арасында және де құдықтың төмен болып кетуі және жоғары болып кетуі сияқты ақаулар бар. Жол төсемінің көлбеулігі кездеседі. 

Ақауларды жоюға «Жол активтері ұлттық сапа орталығынан» нұсқау берілген. Алайда ескертуді елемеген үш мердігер мен екі техникалық қадағалаушы компанияға 4,5 миллион теңге айыппұл салынды. 

Өмір Қалыбаев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Нұсқауды уақытында орындамаған мердігер мекемелерге бірінші айыппұл салынады. Егер екі рет айыппұл салынғанан кейін жойылмаса сотқа талап-арыз жолдаймыз. Жосықсыз өнім беруші тізіміне қосу үшін сол тармақты қоса жіберіп отырамыз. 

Былтыр мың шақырымнан аса жолға күрделі және орташа жөндеу жасалды. Көшелерді қалпына келтіру үшін бюджеттен 97 миллиард теңге жұмсалды. Дегенмен жүргізушілердің айтуынша, кейбір шағын аудандарда әлі де ойық-шұңқыры көп көшелер бар. 

Рустам Мамедов, автобус жүргізушісі:

- Қаланың өзі, жолдары әдемі. Десе де мына жақтағы Кеңжарық деген көшелер бар. Біз жүретін Гүлдала көшесіне түсіп көріңізші. Вообще автобуспен жүру мүмкін емес. Сол көшелерді істеу керек. Бәрі түсіп кеткен, қотыр. 

Былтыр мердігерлер  жалпы сомасы 170 миллион теңгенің жол жабындысын қайта төседі. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью