Шымкенттегі облыстық филармония Түркістанға қашан көшіріледі

03.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбековтың айтуынша, қазіргі таңда облыс орталығындағы 6 мәдени мекеменің 3-еуі өз ғимаратында, қалған 3-еуі жалға алынған нысандарда орналасқан. 

Ал ғимарат мәселесі толық шешілмегендіктен, 2 музей мен 1 концерттік мекеме әзірге Шымкент қаласында қызметін жалғастырып жатыр.

– Қалған мекемелердің мәселесін облыстық бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, сондай-ақ Үкімет қаулысына сәйкес, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін «Мәдениет туралы» ҚР Заңында айқындалған мәдениет ұйымдарының жаңа объектілері мен құрылыс жайларын салуға бюджет қаражатын бөлуге мораторий жарияланғанын назарға алып, кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр, - деді ол.

Ғимараты Шымкентте орналасқан мәдени нысандардың бірі – облыстық филармония. Қазіргі таңда аталған ұжымда 250-ге жуық адам еңбек етеді.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, Түркістан қаласында облыстық филармонияның жаңа ғимаратын салу жоспарланған. Жалпы 500 орындық мәдени нысан 3,79 гектар аумақта бой көтереді.

– Жобада филармония ғимараты дәстүрлі шығыс архитектурасының элементтерін заманауи сәулеттік шешімдермен үйлестіре отырып, ерекше келбетке ие болады, - делінген ведомство мәліметінде.

Қазіргі уақытта облыстық филармония құрылысына қажетті жер телімін жаңа қала аумағындағы әкімшілік-іскерлік орталықтан қарастыру жұмыстары жүріп жатыр.

Бұдан бұрын Түркістан қаласының ескі шаһар аумағы мен теміржол вокзалы маңындағы бірнеше тарихи ғимарат тозып, пайдаланусыз қалғанын жазған едік.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью