Шымкенттен 200 ден астам адам жұмыс күші тапшы өңірлерге көшті

16.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Қоныс аударуға ең белсенді қатысқан — Қаратау ауданының тұрғындары. Бұл ауданнан 27 отбасы (113 адам) көшкен. Ал Абай ауданынан 12 отбасы (46 адам) бағдарламаға қатысқан. Әл-Фараби және Еңбекші аудандарынан үш отбасыдан (жалпы 32 адам), сондай-ақ Тұран ауданынан үш отбасы (15 адам) қоныс аударды.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, Шымкенттен көш түзеген азаматтардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысын таңдаған. Бұл өңірге 20 отбасының 92 мүшесі көшкен.

— Сонымен қатар Қостанай облысына 10 отбасыдағы 40 адам, Павлодар облысына жеті отбасының 31 мүшесі тұрақтады. Шығыс Қазақстан облысына сегіз отбасының 30 адамы, Қарағанды облысына екі отбасының сегіз адамы, ал Абай облысына бір отбасының бес мүшесі қоныстанды, — деп хабарлады ведомство.

Қоныс аударушылардың ішінде балалардың үлесі басым — 112 адам. Еңбекке қабілетті азаматтар саны 67 болса, 27 адам үй шаруасымен айналысады.

Жауапты сала өкілдерінің мәлімдеуінше, тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаға деген қызығушылығы жоғары.

— Қала тұрғындары арасында ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Бағдарлама еңбек күші артық өңірлерден кадр тапшылығы бар аймақтарға жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға бағытталған. Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары қала ішінде де, шалғайдағы тұрғын алаптарда да ақпараттық кездесулер өткізеді, — деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева.

Мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Біржолғы төлем әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде қарастырылған. 2026 жылы оның көлемі бір адамға — 302 750 теңге. Сонымен қатар бір жыл ішінде жалға алынған тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығындар өтеледі, яғни қалалық жерлерде — 86 500-129 750 теңге, ал ауылдық жерлерде — 64 875-90 825 теңге. Бұдан бөлек, қандастар мен қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алу үшін сертификат беріледі. Ол тұрғын үй құнының 50 пайызына дейін қамтиды, бірақ 1625 АЕК-тен аспайды. Бұл шамамен — 7 млн теңге.

Бұдан бұрын 2025 жылы Шымкенттен 660-ден астам азамат жұмыс күші тапшы өңірлерге көшкенін жазған едік. Олардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью