Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Әрине барлық партияның өкілі бірдей сайланған жоқ. Дегенмен іріктелген кандидаттардың арасында тәжірибесі мен қоғамдық беделі қалыптасқан азаматтар аз емес.
«Әділет» партиясының құрылымы да жүйелі қалыптасқан. Айбек Дәдебайдың Құрылтай Төрағасы болып сайлануын заңды шешім деп қабылдаймын. Сайлауда жеңіске жеткен саяси партия жетекшісінің Құрылтайға төрағалық етуі – қисынды қадам. Ендігі негізгі мәселе – жаңа құрамның өз әлеуетін нақты іспен көрсетуі. Құрылтай депутаттарының арасында бұған дейін қоғамдық мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал еткен беделді тұлғалар бар. Соның ішінде Алматы өңірі мен Талдықорғаннан сайланған өкілдердің де қоғамдық тәжірибесі мол. Олар – популизмге бой алдырмай, өзекті мәселелерді іс жүзінде шешуге атсалысып жүрген адамдар. Сондықтан мұндай азаматтардың Құрылтай депутаттығына сайлануын орынды деп есептеймін.
Құрылтай жұмысының басты қағидаларының бірі шыншылдық болуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын талқылау барысында да осы мәселеге назар аудардық. Меніңше, «шыншыл сөз» ұғымы халқымыздың тарихы мен дәстүрінде ежелден бар. Мәселен, айтыс өнерінің негізгі өзегінің бірі – шындықты ашық айту. Шешендер мен билер де қоғамда әділет салтанат құруы үшін шыншыл сөз айтып, елдік мәселелерді көтерген. Бүгінде мұны заманауи қара сөздің бір көрінісі деп қабылдауға болады. Сондықтан Құрылтай мінберінде де депутаттар қоғамдағы ең өзекті мәселелерді ашық көтеріп, өз пікірін еркін білдіре алуы қажет. Шындық пен әділдік Құрылтай жұмысының негізгі ұстанымына айналса, оның қоғам алдындағы абыройы да арта түспек. Депутаттардың қызметі ең алдымен ел мүддесіне және қоғам алдындағы жауапкершілікке негізделуге тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – Құрылтай депутаттарының өңірлермен тікелей жұмыс істеуі. Бұған дейін де Алматыдан сайланған депутаттардың өңірмен тығыз байланыста жұмыс істегенін көрдік. Енді жаңа құрамдағы өкілдер де Алматы өңірінің мәселелерін Құрылтай деңгейінде көтеріп, тұрғындарды толғандырған түйткілдерді ортаға салады деп ойлаймын. Түптеп келгенде, Құрылтай жұмысының кәсіби деңгейі жоғары болады деген үміт бар. Оның нақты тиімділігі алдағы уақытта комитеттердің қызметі мен қабылданатын шешімдерден көрінеді.
Бекнұр ҚИСЫҚОВ,
Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының
президенті, жазушы, қоғам белсендісі