Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Петропавл қаласында 1958 жылы салынған университет корпусын бұзып, орнына жаңа оқу ғимаратын тұрғызу туралы шешім қабылданды. Кейбіреулер үшін бұл - пайдалануға қауіпті, апатты нысан болса, енді біреулер үшін - қала тарихы мен жеке естеліктерге байланысты киелі мекен. Tengrinews.kz тілшісі жағдайдың мән-жайын анықтап көрді.
Сүруге де болмайды, сақтауға да келмейді
Петропавл педагогика институтына арналған "сталиндік ампир" стиліндегі ғимараттың құрылысы 1950 жылдардың басында басталып, 1958 жылы жоғары оқу орнының еңселі де кең баспалдақтарымен алғашқы студенттер дәріске аттанды. 65 жылдан астам уақыт бойы бұл ғимаратта педагогикалық институттың, кейіннен Солтүстік Қазақстан университетінің (СҚУ) тарихшылары мен филологтары білім алды.
Алайда 2024 жылдың қыркүйегінде жоғары оқу орнының басшылығы ғимаратты жауып, студенттер мен оқытушыларды басқа корпустарға көшіру туралы шешім қабылдады.
"Біз ғимараттың жай-күйіне сараптама жүргіздік. Есепке сүйенсек, оның кейбір конструкциялары, атап айтқанда іргетасы мен жабындары қанағаттанарлық жағдайда емес. Қауіпсіздік мақсатында, ғимараттың жай-күйіне толық баға берілгенге дейін студенттеріміз бен оқытушыларымызды басқа корпустарға бөлуді ұйғардық", - деп хабарлаған болатын сол кезде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаев.
Жақында университеттің баспасөз қызметі ғимаратқа техникалық тексеру 2025 жылдың наурызында жүргізілгенін хабарлады. Оның қорытындысы бойынша корпус апатты деп танылып, онда бұдан былай оқу сабақтарын өткізуге тыйым салынды.
Фото Tengrinews.kz
"Барлық студент, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер университеттің басқа корпустарына орналастырылды. Ғимарат 1958 жылы салынған. Жалпы ауданы 3 570,3 шаршы метрді құрайды. 2024 жылдың қыркүйегіне дейін мұнда Тіл және әдебиет институтының, сондай-ақ ішінара басқа факультеттердің студенттеріне сабақ жүргізілді", - делінген СҚУ баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.
Ғимаратты бұзу туралы шешім қалалық мәслихаттың кезектен тыс 39-шы сессиясында бекітілді.
Сессияда қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Марат Ерханов "Пушкин көшесі, 86 мекенжайындағы ғимаратты көрермен залын қоса сала отырып реконструкциялау" жобасы "Пушкин көшесі, 86 мекенжайында жаңа оқу ғимаратын салу" жобасына ауыстырылғанын айтты.
"Қолданыстағы ғимаратты реконструкциялаудан бас тартып, жаңа ғимарат салу жобасын іске асыру туралы шешім қабылданды", - деді Марат Ерханов.
Фото Tengrinews.kz
Яғни, ескі корпус бұзылып, 2027 жылдың қыркүйегіне дейін сол аумақта жаңа ғимарат бой көтереді. Ал онда Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалы орналасатын болады.
Қалалық мәслихат сессиясында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдриисов ескі ғимаратты қайта жөндеу экономикалық тұрғыдан тиімсіз - шығын жаңасын салумен бірдей екенін атап өтті.
"Жаңа ғимарат кеңірек болады: егер қазіргі жобалық қуаттылығы 400 студент болса, жаңа корпус 600-ден астам адамды сыйдыра алады. Ғимаратта кино, фото және телепавильондар, дыбыс жазу студиясы, сахна тілі студиясы, анимация студиясы, монтаж бөлмелері, вокал өнері кластары мен 2D және 3D анимацияны оқытуға арналған аудиториялар, сондай-ақ заманауи көрермен залы жабдықталады", - деп хабарлады Досбол Әбдриисов.
Жаңа корпус құрылысы жүріп жатқан уақытта студенттер өнер университетінің филиалында білім алады.
Бұзуға қарсылықПедагогикалық институттың бұрынғы корпусын бұзу туралы жаңалық қоғамда үлкен толқу тудырды. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде бұл шешімді қызу талқылап жатыр, ал кейбіреулері ғимаратты сақтап қалуды талап етіп петиция құруды ұсынған.
"Бұл ғимарат тарихи және сәулет ескерткіштері аз емес Пушкин көшесінің көркін ашып, оны толықтырып тұр. Шынымен де сақтап қалуға болмай ма?! Неге міндетті түрде бәрін қиратып, орнына жансыз "жаңа құрылыс" салу керек?" - дейді Петропавл тұрғындары.
"Жаңа болса да, ескісінен сорақы болмасын",
"Осындай бірегей ғимарат... Оны құтқару мүмкін емес дегенге сену қиын. Қалпына келтіру үшін ешқандай инженерлік шешім табылмағаны ма?",
"Апатты жағдайға дейін жеткізді. Ғимаратты жөндеуге ақша бөлінгеніне сенімдімін. Бұл корпуста алдымен мұғалімдер институты, кейін педагогикалық институт орналасты. Бұл - қаланың, облыстың тарихы",
"Мұндай аса маңызды нысанды қалай бұзуға болады? Бұл - көпес үйлері сияқты танымал ғимарат, қаламыздың тарихы мен өлкеміздің мақтанышы. Біз оны сақтап, сүйікті қаламыздың келесі ұрпағына көрсетуіміз керек!" - деп қалалықтар өз пікірлерін қалдырып жатыр.
Фото Tengrinews.kz
Жағдайға қатысты қалалық мәслихат депутаты, заңгер Павел Афанасьев пікір білдіріп, корпустың ғимаратын реставрациялау және қалпына келтіру мүмкін емес екенін атап өтті.
"Ғимарат тарихи және мәдени ескерткіш болып саналмайды, мемлекет қорғауында емес. Демек, оны заң бойынша бұзуға болады. Оның үстіне, құрылыс-техникалық сараптамасының нысан апатты жағдайда және оны қалпына келтіру мүмкін емес деген қорытындысы бар. Үшінші корпуста оқыған немесе болған жандар ондағы еденнің көп жерде айтарлықтай шөгіп кеткенін біледі. Әсіресе бұл акт залында қатты байқалатын, онда кіреберістегі биіктік айырмашылығы өте үлкен болғандықтан, табалдырықтан аттағанда көбі жығылып қалатын", - деп атап өтті Павел Афанасьев.
Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын ғимараттың үшінші қабатындағы кабинеттердің бірінде шатыр майысып, құлап түскен. Тіпті сол ойықтан аспан көрініп тұрған. Сонымен қатар ғимараттың іргетасында да ақаулар болып, қасбетінде жарықтар пайда болған.
"Университеттің бірінші проректоры болған Феликс Алексеевич Симнің айтуынша, бұл ғимаратты жазғы практика кезінде құрылыс отрядтарындағы студенттер салған. Бәлкім, бұл құрылыс сапасына әсер еткен болар деген ой келеді, оған қоса ағаш жабындарды техникалық тұрғыдан ауыстырып-қалпына келтіру де оңай емес... Маған бұл корпустың қирағаны өте өкінішті, өзім де сонда оқыдым, кейін сабақ бердім, бірақ облыс, қала және жоғары оқу орны басшылығының дұрыс шешім қабылдағанын және бұдан басқа жол жоқ екенін түсінемін. Эмоция болуы мүмкін, бәріне аянышты, бірақ өмір алға жылжиды, бәрі өзгереді. Оның үстіне, бұл корпус екі жылдан бері жабық тұр, сондықтан ақылға қонымдылық пен тиімділік қағидатын негізге ала отырып, түбегейлі шешім қабылдап, іске кірісу керек", - деп түйіндеді Павел Афанасьев.
Корпустың тағдыры туралы СҚУ профессоры, университетте ұзақ жылдар бойы оқытушы, кейін кафедра меңгерушісі, декан және проректор болып қызмет атқарған Сабыр Ибраев та пікір білдірді.
Ол жоғары оқу орнының басшылығына ескі корпустың композициясы мен сыртқы келбетін сақтай отырып, жаңа ғимарат салу нұсқасын қарастыруды ұсынды.
"Жаңадан салынған корпустың жанына міндетті түрде Педагогқа немесе Мұғалімге арналған зәулім ескерткіш орнату керек. Мен өз уақытында бұл ескерткішті біздің қара шаңырақтың Түлектер қауымдастығының ерікті жарналары есебінен жасауды ұсынған едім, бірақ, өкінішке қарай, қолдау таппадым. Келер жылы біздің іргелі оқу орнымыздың құрылғанына 90 жыл толады. Пединституттың, кейін университеттің қаншама буын түлектері осы жерде терең білім алды десеңізші", – деді Сабыр Ибраев.
Фото Tengrinews.kz
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу