“Сикс севен дәптерлерге жетті“: Альфа буыны мұғалімдерді несімен таңғалдырды

08.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Альфа буыны қазақстандық мұғалімдерді таңғалдырып жатыр. Диктант, математика және каллиграфия балалар үшін қиял ұшқынын көрсетудің ғана емес, кейде қалыптасқан ережелерді жаңаша пайымдаудың құралына айналған. Tengri Life қазіргі оқушылар тапсырмаларды қалай орындайтыны туралы ата-аналар мен мұғалімдер әлеуметтік желілерде бөліскен қызықты мысалдарға шолу жасайды.

Әсемнің орнына "А7"

Қазақстандық бастауыш сынып мұғалімі желіде кең тараған жазбасымен бөлісті. Оның айтуынша, диктант кезінде Әсем есімді оқушы қыз есімін "А7" деп жазыпты.

"Мына Альфалармен не істесем болады? Диктант жазған едік, оқушылардың бірі Әсем деген атты "А7" деп жазып беріпті", - деді ол.

Скриншот: Threads

"Сикс-севен", "бр-бр патапим" және өз әріптері: Альфалар несімен таңғалдырды?

Бұл жазба 760 мыңнан астам қаралым жинады. Пікірлерде ата-аналар мен басқа да мұғалімдер оқушылардың шығармашылық шешімдеріне қатысты осындай мысалдарды бөлісе бастады.

Мәселен, бір оқушы "о" әрпі жолға жетпей қалды деп, оған "аяқ" салып қойған. Тағы бір оқушы жазудан жалыққан болуы керек, өз әріптерін ойлап тапқан.

Скриншот: Threads

Сондай-ақ ата-аналар балаларға қазақша "қ" әрпін жазу қиынға соғатынын, сондықтан кейбіреулері оны жазудың өз нұсқасын ойлап тапқанын айтқан.

"Не істесем екен? Жаңа әріп ойлап шығардық. Халайық, қалай оқытып жатырсыздар?" - деді тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы.

Скриншот: Threads

Тағы бір оқушы балабақшадан кейін анасымен бірге сандарды үйренген. Ол 6 және 7 сандарына келгенде, үнемі "сикс-севен" мемін қайталай берген.

"Қызым балабақшадан келіп, үй тапсырмасы ретінде берілген сандарды жазып, 6 мен 7-ге келгенде, "сикс-севен" дейді. Бұл қашан бітеді?" - деп бөлісті желі қолданушысы.

Анықтама: "6-7" (six seven/сикс-севен) - интернетте кең тараған мем және жастар сленгіндегі сөз тіркес. Бұл сөз тіркесінің нақты мағынасы жоқ: ол көбіне сандырақ әзіл немесе айқайлап айту үшін қолданылады. Мем TikTok пен басқа да әлеуметтік желілерде, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында кең таралды.

Тағы бір оқушы есепті шешкісі келгені сонша, қызыл сызықтан шығып кеткенін байқамай қалған. Дегенмен ол тығырықтан шығар жолды тез тапқан: сызықты өшіріп, қызыл қаламмен жаңасын сызып қойыпты.

Скриншот: Threads

Осыған ұқсас жағдай 4 жасар "альфаның" ата-анасымен де болған. Олар қазақ тілінде сандарды үйренген кезде, бала 1 санына келгенде, үнемі "брейнрот" сөзін қосып, "бр-бр патапим" дейді екен.

"4 жасар ұлыммен сабақ оқитынбыз. 1 санын қайталағанда, әлгі "альфамыз" "бр-бр патапим" деп сөйлей бастайды", - дейді ата-анасы.

Анықтама: "Бр-бр патапим" - сандырақ дыбысталуға негізделген, нақты мағынасы мен аудармасы жоқ мемдік тіркес.

Тағы бір бастауыш сынып оқушысы "С" әрпін жазу кезінде бірыңғай тапсырмадан жалықпау үшін, кейбір жерлеріне жүрекшелер салып қойған.

Ал бір мұғалім сабақта болған қызықты оқиға туралы айтып берді. Балаларға сөздердің ішіндегі түсіп қалған әріптерді қою керек болған. "Ми...он" сөзіне келгенде, сыныптың жартысы "миллион" сөзінің орнына танымал мультфильм кейіпкерлерінің құрметіне "миньон" деп жазған.

"Түсіп қалған әріптермен сөздік жұмысын жүргіздім. "Ми...он" деген сөз болды. Сыныптың жартысы "миньон" деп жазыпты, бірақ бұған дейін біз "миллион" сөзін жаттап келуді жазған едік", - деді мұғалім.

Скриншот: Threads

Альфа деген кімдер?

Буындар теориясына сәйкес, Альфа буынына әдетте 2010 жылдан 2025 жылға дейін туған балаларды жатқызады. Дегенмен кейбір зерттеушілер есепті 2013 жылдан бастауды ұсынады. Бұл - смартфондар, әлеуметтік желілер, алгоритмдер мен видеоплатформалар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған цифрлық ортада ерте жастан өсіп келе жатқан алғашқы буын.

Қазір Альфа буынының ең үлкен өкілдері шамамен 16 жаста, ал ең кішілері екі жаста. Бұл ретте буынның нақты шекарасы қолданылатын жіктемеге байланысты өзгеріп отырады.

Бұған дейін балалардың онлайн-қауіпсіздігі бойынша сертификатталған тренер Альбина Рамазан бұл буынның балаларында жүйке жүйесі ерте жастан экрандардан келетін үздіксіз ақпарат ағыны мен ынталандыруға дағдыланғанын атап өткен болатын. Жылдам өзгеретін алгоритмдер мен контент үнемі жаңа эмоция сыйлайтындықтан, гаджетсіз қарапайым өмір Альфаларға қызықсыз әрі баяу болып көрінуі мүмкін.
Тағы оқыңыз: Селқостық, үрей, жалғыздық: қазіргі жастарға не болып жүр?

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью