Сиқырға толы цифрлық актив: Крипто көлеңкеде қала ма?

25.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Заңсыз болмаса да, қол жетпей отыр

Мемлекет криптовалютаны бұ­рынғыдай сырттан бақылап қана қоймай, оны заңды қаржы жүйе­сіне енгізуге кірісті. Со­ның дәле­лі ретінде Ұлттық банк ше­телдік платформаларда сақ­тал­ған криптоактивтерді елге қай­тару кезінде жеке табыс салығы­нан босату мәселесін қарастырып отыр.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі жылдары көптеген отандасымыз халықаралық платформаларда криптоактив жинақтаған. Алайда цифрлық активтерді реттейтін заңнама тек кейінгі кезеңде қалыптасты. Соның салдарынан азаматтар өз активтерін еліміздегі лицен­зияланған алаң­дарға көшірген кезде қосымша са­лық­тық мін­деттеме туындауы мүмкін.

«Егер адамға криптоак­­тив­те­ріңді елге әкел де, үстінен тағы салық төле десек, оның­ қызы­ғушылығы төмендейді. Сондық­тан қазіргі міндет – бұрын шетел­дік платформаларда сақталған активтерді ел ішін­дегі реттелетін ортаға тарту. Әңгіме қандай да бір рақымшылық жайында емес. Қа­ражаттың шығу тегі тексеріледі, қаржы мониторингі талаптары сақталады. Біз заңды нарықтың қалыптасуына кедергі кел­тіретін тос­қауылдарды азайтуды көз­деп отырмыз», деді Ұлттық банк бас­шысы LSM.kz-ге берген жауабында.

Бұл бастама кездейсоқ пайда болған жоқ. Ел азаматтарына тиесілі крип­то­ак­тив­тердің едәуір бөлігі шетелдік платфор­маларда сақтаулы. Кейбір баға­лау­лар мұндай қаражат көлемі миллиардтаған доллармен өлшенетінін көрсетеді. Басқаша айт­қанда, мемлекет бүгін салық мәселесін емес, әлдеқайда үлкен мәселені шешуге кірісіп кетті. Ол – цифрлық капиталды көлең­кеден шығару.

Экономикада «көлеңкелі капитал» деген ұғым бар. Бұл міндетті түрде заң­сыз ақ­ша деген сөз емес. Бірақ мұндай қара­жат рес­ми қаржы жүйесінен тыс жүреді. Мем­лекет оның қайда жұмсалып жатқанын көрмейді, экономикаға тарту мүмкіндігі де шектеулі болады. 

Ойын ережесі өзгерді

Көпшілік криптовалюта дегенде тек биткоинді елестетеді. Негізі, әлдеқайда кең ұғым, тек цифрлық ортада өмір сүретін актив. Оның қағаз ақша секілді қолмен ұстай­тын нұсқасы жоқ. Барлық операция ар­найы блокчейн жүйесінде тіркеледі. Блок­чейнді қалың дәптермен салыстыруға болады. Әлемдегі мыңдаған компьютер сол дәптердің көшірмесін қатар сақтап отырады. Біреу жазбаны өзгерткісі келсе, қалғандарының бәрі оны бірден байқайды. Сондықтан жүйені бұзу өте қиын.

Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ, «EQ»

Биылғы 1 мамырдан бастап Қазақстан цифрлық активтер айналымын жүйелі түрде реттеуге көшті. Жаңа заңнамаға сәй­кес цифрлық активтер екі топқа бөлін­ді. Біріншісі, қамтамасыз етілмеген цифр­лық активтер. Бұған Bitcoin мен Ethereum се­кілді криптовалюталар кіреді. Олардың артында алтын да, мүлік те, мемлекет ке­піл­дігі де жоқ. Баға тек нарықтағы сұраныс пен ұсы­нысқа байланысты өзгереді. Екіншісі, қамтамасыз етілген цифрлық ак­тивтер. Мұн­дай активтердің артында нақты құнды­лық тұрады. Мысалы, АҚШ дол­ларына байланған USDT стейблкоині неме­се белгілі бір мүлікпен қамтамасыз етілген токендер.

Сонымен қатар мемлекет криптобир­жаларды, цифрлық активтер платформаларын және криптоайырбастау сервистерін ли­цензиялау жүйесін енгізді. Осы маусымда Қазақстан қор биржасы базасында цифрлық қаржы активтері нарығының инфра­­құрылымы іске қосылды. Мұның бәрі не үшін қажет? Себебі сарапшы­лар­дың ба­ғалауынша, еліміздегі крипто­опера­ция­­лар­дың шамамен 95 пайызы осы уа­қытқа дейін көлеңкелі кеңістікте жүрген. Аза­мат­тар ха­лықаралық платформалар­ды, P2P мә­мілелерін және бейресми айыр­­бастау қызметтерін пайдаланған. Цифр­­лық даму министрлігіне қарасты ко­ми­тет­тің басқарма басшысы Нодирбек Назир­­кулов­тың айтуын­ша, еліміздегі крип­тоиндустрия бірнеше кезеңнен өтті. Алайда криптовалютаның тағдырын заң ғана шешпейді.

«Алғашқы криптоқауымдастықтар ша­мамен 2016–2017 жылдары қалыптаса бастады. Кейін Қытайдағы шектеулерден соң, көптеген майнинг компаниясы елімізге көшті. Соның нәтижесінде еліміз әлемдік хешрейт көлемі жағынан жетекші мемлекеттердің қатарына енді. Бірақ бұл бізге маңызды сабақ берді. Технология қаншалықты жылдам дамыса да, оның артында нақты ережелер болуы керек. Сондықтан кейінгі жылдары лицензиялау, есепке алу, салық салу, қаржылық мониторинг секілді тетіктер енгізілді. Біздің мақсат – криптовалютаны бақылаудан тыс қалдырмай, оны заңды экономиканың бір бөлігіне айналдыру», дейді ол. 

Ақшадан бұрын ақыл керек

2021 жылы Ұлыбританияның Қаржы­лық мінез-құлық басқармасы жүргіз­ген зерттеу криптовалюта сатып алушы­лардың едәуір бөлігі активтің қалай жұ­мыс істейтінін толық түсінбей инвестиция­ жа­сайтынын көрсетті. АҚШ-тағы «Pew Research Center» зерттеуі де ұқсас қоры­тынды шығарды. Инвесторлардың басым бө­лігі шешімді терең талдау емес, әлеу­меттік орта мен эмоция әсерімен қабылдайды.

Пси­хологияда мұны FOMO деп атайды. Қазақша айтсақ, «мүмкіндіктен қалып қоямын деген қорқыныш». Біреу биткоин­нен пайда тапқанын айтады. Екіншісі әлеуметтік желіде жаңа монета туралы видео жариялайды. Үшіншісі бір айда көлік алғанын көрсетеді. Мұның бәрі адам миында ерекше әсер қалыптастырады. Сөйтіп, көптеген адам зерттеместен қар­жы сала бастайды. Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі мамандары бұл құбы­лыстың криптонарықтағы басты қауіптердің бірі екенін айтады.

«Көпшілік криптовалютаға білім арқы­лы емес, эмоция арқылы келеді. Біреу­лердің табыс тапқанын көріп, өздері қалып қойғандай сезінеді. Кейін активтің қалай жұмыс істейтінін зерттеместен қаржы салады. Нарық құлдыраған кезде ғана тәуе­келдің қаншалықты жоғары екенін түсі­неді. Сондықтан криптовалютаға инвести­ция жасамас бұрын технологияны, на­рық заңдылықтарын және ықтимал тәуекел­дерді түсіну қажет. Бұл – тез байытатын құрал емес, жоғары құбылмалылыққа ие инвестициялық актив», дейді агенттік.

Белгілі америкалық экономист Роберт Шиллер қаржы нарығындағы мұндай құбылысты «Narrative Economics» теория­сында түсіндіреді. Оның пікірінше, адамдар кейде нақты деректерге емес, қызықты оқиғаларға сенеді. Егер қоғамда «биткоин бәрін байытады» деген әңгіме кең тараса, көпшілік сол оқиғаның соңынан ереді. Сондықтан криптовалютадағы ең үлкен қауіп кейде нарықтың өзі емес, адамның психологиясы болуы мүмкін.

Жалпы, кез келген цифрлық экожүйе­нің табысы оған қатысушылардың қаржы­лық сауатына тікелей байланысты. Сондықтан еліміз криптоиндустрия­ны реттеумен қатар, азаматтардың осы сала ту­ралы түсінігін арттыру міндетімен де бет­пе-бет келіп отыр. «Wise Invest Consulting» крип­токомпаниясының басшысы Темір­лан Нұрахимовтің айтуынша, крипто­ва­лютаға қызығатын адам ең алдымен білімге мән беруі керек.

«Криптовалютамен айналыспас бұрын ең бірінші қадам – білім алу. Себебі крипто­нарық басқа қаржы құралдарына ұқса­май­ды. Бұл жерде эмоциямен емес, ақыл­мен әрекет ету керек. Криптовалюта, блок­чейн, токен, әмиян деген ұғымдарды анық түсін­бей ақша салу сан соқтыруы мүмкін. На­рық­тың логикасын, мүмкіндігін, тәуекелін білмей дұрыс шешім қабылдау қиын. Ал білім алған адам өзін сенімді сезінеді әрі алаяқ­тарға алданбайды. Елімізде крип­тоак­тивтер­мен заңды түрде «Астана» халықаралық қаржы орталығының лицензиясы бар бир­жалар арқылы сауда жасауға болады. Рұқ­сат­сыз сайттар мен күмәнді сервис­тер­де тәуе­кел жоғары. Ұзақ мерзімге инвес­тиция жасайтын адамға жеке әмиян қол­дану­ды ұсынамын. Ал қысқамерзімді операция­ларға биржа әмияны да жарайды. Ең бас­тысы – әмиянның құпия сөздерін және қал­пы­на келтіру кодтарын ешкімге бермеу», дейді сарапшы.

Тарих көрсеткендей, жаңа техноло­гиялардың тағдырын алғашқы дүрлігу емес, оларды қоғам мен экономикаға қанша­лықты тиімді кіріктіре алған мемлекеттер шешеді. Криптовалюта да дәл сондай кезеңнен өтіп жатыр.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью