Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Атысты тоқтату туралы келісім – Сирия демократиялық күштерінің Сирия армиясы мен мемлекеттік мекемелеріне интеграциялануын көздейтін кең ауқымды 14 тармақтан тұратын келісімнің бөлігі.
Сирия президенті Ахмед аш-Шараа Дамаск қаласында сөйлеген сөзінде келісім Сирияның мемлекеттік мекемелеріне үш шығыс және солтүстік провинция – Хасака, Дейр-эз-Зор және Ракканы бақылауға алуын қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
BBC жазуынша, аш-Шараа мен Сирия демократиялық күштерінің қолбасшысы Мазлум Абди арасында қол қойылған келісімге сәйкес Сирия билігі азаматтық мекемелерді, шекара өткелдерін және мұнай-газ кен орындарын басқаруды өз қолына алады.
Сирия демократиялық күштерінің әскери және қауіпсіздік қызметкерлері Сирияның Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне біріктіріледі, ал Дамаск ондаған мың «Ислам мемлекеті» (ИМ, Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) шетелдік содырларын ұстап отырған түрмелер мен лагерьлер үшін жауапкершілікті өз мойнына алады.
2024 жылдың желтоқсанында автократ Башар Асад биліктен құлатылғаннан кейін жаңа президент аш-Шараа күрд әскери құрамалары мен үкімет органдарын Сирияның мемлекеттік құрылымдарына біріктіру ниетін мәлімдеді.
2025 жылдың наурыз айында Сирияның демократиялық күштері мен өтпелі үкімет арасында тиісті келісімге қол қойылды. Алайда ол бір жылға жуық уақыт өтсе де орындалмай қалды және екі тарап та бір-бірін келісімді бұзды деп айыптауды жалғастырып отыр.
Өткен аптада Сирия президенті күрдтердің құқықтары туралы жарлыққа қол қойды.
Құжат сириялық күрдтердің мәдени, тілдік және азаматтық құқықтарын институционалдық тұрғыдан тануға және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған қадам ретінде қарастырылады.