Смартфон TikTok қа телміретін құрал емес : Президент цифрландырудың пайдасы туралы айтты

23.08.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау учаскесіне барып, дауыс бергеннен кейін тілшілердің сұрағына жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Tengrinews тілшісі Айсұлтан Құлшыманов Мемлекет басшысынан цифрландыру мен жасанды интеллект саласында қойылған міндеттердің орындалуы және олардың халықтың күнделікті өміріне әсері туралы сұрады.

Президент Қазақстан цифрлық қызметтер ұсынатын мемлекет ретінде алғашқы кезеңнен өткенін айтып, ендігі міндет – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды халықтың игілігіне пайдалану екенін атап өтті.

Tengrinews тілшісі Айсұлтан Құлшыманов: «Сіз жасанды интеллектіні Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізі деп атадыңыз. Биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Межелі міндеттер орындалып жатыр ма? Цифрландыру мен жасанды интеллектінің күнделікті өмірге әсеріне қандай баға бересіз?» деп сұрақ қойды.

– Өте орынды сұрақ. Өйткені, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллекті жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью