Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Смартфон баяғыда жай ғана байланыс құралы болудан қалды. Біз онда банктік қосымшаларды, электрондық пошта мен әлеуметтік желілерді пайдаланамыз, фотосуреттер мен құжаттарды сақтаймыз. Сондықтан құрылғыны жоғалту немесе оған бөгде адамдардың қол жеткізуі жеке мәліметтерге ғана емес, ақшаға да қауіп төндіруі мүмкін. Смартфон қауіпсіздігін арттыруға қандай баптаулар көмектесетінін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
1. Экранға сенімді бұғаттау орнатыңыз
Күрделі ПИН-код, құпия сөз немесе биометриялық аутентификацияны пайдаланыңыз. Оңай табылатын қарапайым комбинацияларды, туған күндерді және басқа да мәндерді таңдамаған жөн.
2. Автоматты түрде бұғаттауды қосыңыз
Экранның автоматты түрде бұғатталуының қысқа мерзімін орнатыңыз. Сондай-ақ бұғатталған экранда хабарламалардың мазмұны мен басқа да құпия ақпараттың көрінуін өшіріп тастаған дұрыс.
3. Құрылғыны іздеу функциясын қосыңыз
Android жүйесінде Find My Device ("Құрылғыны табу"), ал iPhone-да Find My ("Локатор") функциясы қолданылады.
Функцияның қосулы екенін және есептік жазбаңызбен байланыстырылғанын тексеріңіз. Смартфон жоғалған жағдайда бұл оның орналасқан жерін анықтауға, құрылғыны бұғаттауға немесе деректерді жоюға мүмкіндік береді.
4. Жаңартуларды кейінге қалдырмаңыз
Операциялық жүйе мен қосымшалардың жаңартуларын дер кезінде орнатыңыз. Оларда осал тұстарды түзетулер болуы мүмкін, сондықтан мүмкіндігінше автоматты түрде жаңартуды қосып қойған жөн.
5. Қосымшалардың рұқсаттарын тексеріңіз
Қай қосымшалардың микрофонға, камераға, геолокацияға, контактілерге, фотосуреттерге, файлдар мен SMS-терге қол жеткізе алатынын жүйелі түрде қарап отырыңыз.
Егер қосымшаның жұмысына белгілі бір рұқсат қажет болмаса, оны өшіріп тастаған дұрыс.
6. Қосымшаларды тек ресми дереккөздерден жүктеңіз
Google Play мен App Store-ды пайдаланыңыз. SMS, мессенджерлер, электрондық пошта немесе белгісіз сайттардағы сілтемелер арқылы бағдарламаларды орнатпаңыз.
Әсіресе төлем алу, банктік шотты қорғау, құжаттарды тексеру немесе техникалық қолдау көрсету желеуімен орнатуды ұсынатын қосымшаларға аса сақтықпен қарау керек.
7. Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз
Екі факторлы аутентификацияны электрондық пошта, әлеуметтік желілер, бұлттық сервистер және басқа да маңызды аккаунттар үшін қосқан жөн.
Негізгі Google немесе Apple аккаунтына ерекше назар аудару керек: ол арқылы смартфон деректерінің едәуір бөлігіне қол жеткізуге болады.
Мүмкіндік болса, аутентификатор-қосымшасын немесе аппараттық қауіпсіздік кілтін пайдаланыңыз.
8. Резервтік көшіруді тексеріңіз
Маңызды деректердің жүйелі түрде резервтік көшірмеге сақталатынына көз жеткізіңіз. Бұл ретте көшірмелер сақталатын аккаунттың өзі де сенімді құпия сөзбен және екі факторлы аутентификациямен қорғалуы тиіс.
9. Wi-Fi және Bluetooth-ды қолданғанда абай болыңыз
Белгісіз Wi-Fi желілеріне қосылмаңыз және бейтаныс Bluetooth байланыстарын растамаңыз.
Қоғамдық Wi-Fi-ды пайдаланған кезде мүмкіндігінше құпия мәліметтерді енгізуден және қаржылық операциялар жасаудан аулақ болыңыз.
10. Кеңейтілген құқықтары бар қосымшаларды тексеріңіз
Android жүйесінде кейбір бағдарламалар арнайы рұқсаттар ала алады - мысалы, арнайы мүмкіндіктерге қол жеткізу, белгісіз қосымшаларды орнату немесе басқа терезелердің үстінен көріну.
Мұндай құқықтарды тек сіз сенетін және олар шынымен қажет болатын қосымшаларға ғана беру керек. Кеңейтілген рұқсаттары бар белгісіз бағдарламаларды тексеріп, қажет болған жағдайда жойып тастаған жөн.
Тағы қандай ережелерді сақтау керек?Сонымен қатар, пайдаланылмайтын қосымшаларды жою, орнатылған бағдарламалар тізімін және аккаунттардың белсенді сеанстарын тексеру, белгісіз құрылғылардағы сеанстарды аяқтау, үшінші тұлғаларға SMS пен хабарламалардағы кодтарды бермеу және бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымшалар орнатпау және смартфонға қашықтан қол жеткізуге рұқсат бермеу ұсынылады.
"Банктердің, мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың қызметкерлері азаматтардан SMS-тен немесе хабарламалардан растау кодтарын сұрамауы тиіс", - деп ескертті агенттік.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу