Солтүстік Қазақстан облысындағы су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды

02.04.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, деп хабарлады су ресурстары жіне ирригация министрлігі.

Министрләк хабарлауынша, әр төрт сағат сайын су қоймаларындағы су көлемі мен су жіберу көрсеткіштері туралы мәліметтер өңделіп, мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Ресей Федерациясының Түмен облысы бойынша Төменгі Обь бассейндік су басқармасына жолданып отырады.

"Сергеев су қоймасының толуы – жыл сайын қайталанатын табиғи процесс. Нысан су көлемі артқан жағдайда артық судың бөгет жотасы арқылы автоматты түрде асуына мүмкіндік беретіндей етіп жобаланған. Бұл су қоймасының өзіне де, маңындағы елді мекендерге де қауіп төндірмейді. Сонымен қатар мұндай су асуы күздің соңына дейін жалғасуы мүмкін", – деді "Қазсушар" РМК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Ержан Кусумбаев.

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Сергеев су қоймасындағы су көлемі 706,1 млн текше метр. Қазіргі уақытта нысаннан секундына 32,8 текше метр көлемінде су жіберіліп жатыр. Бөгет жотасы арқылы судың асуы 8 сантиметрді құрап отыр. Су тасқыны басталғалы бері су қоймасына 51 млн текше метр су келіп түскен, оның 9 млн текше метрі жіберілген.

Петропавл су қоймасында 2026 жылдың 29 наурызынан бастап су деңгейін реттеу жұмыстары қақпаларды басқару арқылы жүргізіліп, су жіберу көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылып жатыр. Жалпы алғанда, өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты, Сергеев және Петропавл су қоймалары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью