Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Солтүстік Қазақстанда мемлекет тарапынан қоныс аударушылар үшін салынған үйлер бұзылып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Сергеевка қаласының шетіндегі үйлер осыдан алты жыл бұрын "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерген. Онда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен және қиыр шет елдерден солтүстікке қоныс аударған отбасылар орналасқан болатын.
Ондаған құрылыс нысанының иесі табылмады. Ал 14 үй қараусыз қалып, тоналған. Олар апатты жағдайда деп танылып, енді бұзылмақ. Осындай төрт үй жермен-жексен етілді.
Бейбіт Халматовтың отбасы Сергеевкаға Оңтүстік Қазақстаннан төрт жыл бұрын көшіп келген. Қазір олардың үйі көшедегі адам тұратын соңғы баспана болып тұр. Одан әрі бос қалған үйлер. Отағасының айтуынша, Қазақстанға Ираннан келген көршілері қоштаспастан кетіп қалған. Үйді не үшін тастап кеткендерін айтпаған. Бірақ ер адам келгендер үшін солтүстіктің ұзақ қысы ауыр сынақ болғанына сенімді.
"Қысқа дайындық керек, біріншіден. Мұнда, мысалы, алты ай қыс. Дайындалу қажет. Екі ай тек қысқа дайындықпен жүрдім. Мал ұстасаң - дән, бидай, сабан, осының бәрін жинау керек. Көмір, отын тағы бар. Қалғаны біртіндеп реттеледі", - дейді Бейбіт Халматов.
Бейбіттің жұбайы тұрып жатқан үйіне көңілі толатынын айтады. Бұл үй көршілері тастап кеткен баспаналардан еш айырмашылығы жоқ. Алайда оның күйеуі нағыз шаруа адамы: мал жинап, жөндеу жүргізіп, пеш жағуды меңгерген, соның арқасында алты баласы үйде жалаң аяқ жүре береді.
"Жақсы, ыңғайлы, үй іші жылы. Балалар футболкамен-ақ жүреді. Жалпы, олар мұнда, солтүстікте мүлдем ауырмайды. Табиғаты тамаша. Аурухана жақсы, базар, дүкендер жақын, бәрі қолайлы. Ал пешті күйеуім жағады, ол бұл істің шебері", - дейді Сергеевка тұрғыны Жанар Сыдықова.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша қоныс аударушылар баспананы жалға алу құқығымен алып, айына 6-8 мың теңге төлеуі тиіс еді және үйдің толыққанды иесі саналды. Тастап кеткен үйлерді тек сот шешімінен кейін немесе иелері ресми түрде бас тартқанда ғана қайтарып алу мүмкін болған. Алайда жаңа қоныстанушылар жылжымайтын мүліктен айырылуға асықпады.
"Адам қыста кетіп қалған, кейбір жиһаздарын қалдырған. Біраз затын алып, үнсіз кетіп қалған. Тұрғындар болмағандықтан, бізге бұл үйлердің есігін бұзып ашуға тура келді. Іздестіре бастасақ - телефондары сөндірулі. Соған сәйкес, біз олардың үстінен сотқа талап арыз түсірдік", - деді Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Жарқын Мұхамеджанов.
Сергеевкада қоныс аударушыларға арналған 109 үйдің құрылысына мемлекет шамамен 800 миллион теңге жұмсаған. Қазір соның 80-інде ғана адам тұрып жатыр. Мемлекеттік баспананы тастап кеткен 40 отбасының үстінен сотқа талап арыз берілді.
Қоныс аударушылар мемлекет жұмсаған барлық шығынды, соның ішінде көшіп келуге берілген қаражат пен жәрдемақыны қайтаруы тиіс. Бірақ шенеуніктер жауапкерлердің көбінен өндіріп алар ештеңе жоқ екенін мойындап отыр.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу