Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Адвокаттың айтуынша, Эльмира Төлегенова — «Жаңабизнес» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы. Компания арқылы сатылған курстардың ақшасы ресми есепшотқа түскен және осы кезеңде салық ретінде 10 миллион теңгеден астам төленген. Курсты сатып алғандарға берілген 30 мың теңгелік сыйлықтар тек сатуды ынталандыруға арналған және заңсыз кәсіпкерлікке қатысы жоқ.
Алайда мемлекеттік айыптаушы Карина Аманжолова іс материалдарын қарап шыққан соң, жеткілікті дәлелдер бар екенін айтты. Оның пікірінше, Жанабыловтардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 214 және 218-баптарына сәйкес құқықбұзушылық белгілерін көрсетеді. Сараптама қорытындылары, қаржылық құжаттар мен тергеу әрекеттерінің нәтижелері істі сотта толық қарауға негіз береді.
Сот судьясы Әділбек Баймаханов адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады. Негізгі сот тыңдалымы 16 наурыз күні сағат 11:00–де ашық түрде өтеді. Айыпталушыларға тағайындалған үйқамақ өзгеріссіз қалды.
Сот қылмыс бар-жоғын тек барлық дәлелдерді зерттеп, айыпталушылар мен куәларды тыңдағаннан кейін ғана шешетінін атап өтті. Еске сала кетсек, 11 автокөлікті ұтысқа қойып, курс сатқан блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар министр желіде автокөліктерді ұтысқа тіккен блогерлерге қатысты түсінік берген еді.