Сотталған ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың Toyota Camry көлігі мемлекеттік органдарға беріледі

07.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омардан тәркіленген Toyota Camry республикалық меншікке берілді. Құны 20 миллион теңге болатын шетелдік көлік мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

2026 жылдың сәуірінде экс-шенеунік алаяқтық пен пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылып, оның иелігіндегі шетелдік көлік тәркіленген болатын.

Шетелдік көлік қайда кетті?

Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті редакцияның ресми сауалына берген жауабында тәркіленген автокөлік ресми түрде республикалық меншік есебіне алынғанын хабарлады.

Алынған көлікті өткізу процедурасы 2026 жылдың шілдесінде өтті.

"2024 жылы шыққан Toyota Camry маркалы автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 567 AJU 16) 2026 жылғы 8 шілдедегі мүлікті түгендеу, бағалау және қабылдау-тапсыру актісі бойынша республикалық меншікке өткен мүлік есебіне қабылданды. Бағалау құны 20 миллион теңге болатын бұл автокөлік e-qazyna.kz мемлекеттік мүлік веб-порталы арқылы мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынылу үстінде", – деп түсіндірді бейінді ведомство өкілдері.

Анықтама: Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мәліметінше, тәркіленген автокөліктер алдымен мемлекеттік органдарға ұсынылады. Басым құқыққа құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, Парламенттің және мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ететін құрылымдар ие.

Егер көлікті беру тиімсіз деп танылса немесе өтінім түспесе, көлік e-Qazyna порталында ашық электронды аукционға шығарылады, ол жерде Қазақстанның барлық азаматы сатып ала алады.

Қылмыстық істегі автокөлік эпизоды: Омар темір тұлпарын қалай "жаңартты"?

Осы Toyota Camry көлігіне қатысты айла-шарғы экс-шенеуніктің қылмыстық ісіндегі эпизодтардың біріне айналды.

Тергеу нұсқасы бойынша, Омар Өскемен әкімі болып тұрған кезде танысын кәсіпорын атынан демеушілік көмек ретінде көлік рәсімдеуге көндірген. Алынған Toyota Camry 75 кейін үшінші тұлғаларға қайта рәсімделіп, шенеуніктің жеке пайдалануы үшін trade-in бағдарламасы бойынша жаңа модельге айырбасталған. Шығын көлемі 13 миллион теңге болды.

Істің екінші эпизоды пара алумен байланысты болды. Іс материалдарына сәйкес, Омар қала әкімдігі қызметкерінен "жалпы қамқорлығы" үшін 20 миллион теңге әкелуді сұраған. Ал қызметкер ҰҚК-ге жүгінген. Арнайы қызметтің бақылауымен күдіктіге транштың бірінші бөлігі – 6 миллион теңге қолма-қол берілген.

Омар рақымшылыққа немесе мерзімінен бұрын шартты босатуға үміттене алмайды

Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындады, бірақ соңғы сөзінде соттан мейірімділік танытып, түрме мерзімін айыппұлмен ауыстыруды сұрады.

"Ойлануға уақытым жеткілікті болды. Ештеңені кері қайтару мүмкін емес екенін сезіну одан да қиын. Мен мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлеймін. Түсіністікпен қарайды деп үміттенемін", – деді ол.

3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық пен пара алу бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесті.

Оның Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салынды. ШҚО прокуратурасы Омардың іс-әрекеттері "мемлекеттік қызмет негіздеріне және қоғамның сеніміне нұқсан келтіретінін" атап өтіп, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар рақымшылыққа немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға үміттене алмайтынын еске салды.

20 мамыр Омар сот шешімін апелляциялық тәртіппен даулауға тырысты, бірақ оның шағымы қанағаттандырылмады. Үкім өзгеріссіз қалды.

Еске салсақ, ШҚО әкімінің орынбасары ұсталғаны туралы ақпарат 2026 жылғы 13 ақпанда пайда болған еді. Ол кезде ресми органдар шенеунік "денсаулық жағдайына байланысты уақытша демалыста" екенін хабарлаған болатын.

Жақсылық Омар туралы не белгілі?

Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген.

2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін "география" мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін "жергілікті және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолы 2001–2005 жылдары Омар Мәдениет және ақпарат министрлігінде жетекші және бас маман болып жұмыс істеді. 2005–2007 жылдары – Қаржы министрлігінің маманы. 2007–2009 жылдары – "Қазақстан" телерадиокорпорациясы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, кейін - "Арна медиа" холдингінің бас менеджері. 2009–2010 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 2010–2011 жылдары ШҚО Ішкі саясат басқармасын басқарды. 2011–2013 жылдары ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы болды. 2013–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2016 жылдан 2018 жылға дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болды. 2018 жылдан 2024 жылға дейін Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі лауазымын атқарды. 2024 жылдан 2025 жылғы 4 сәуірге дейін ШҚО әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2025 жылғы 7 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Тағы оқыңыз: “Қоластындағылардан ақша бопсалаған”: ҰҚК Жақсылық Омарға қатысты атышулы істің егжей-тегжейін жариялады

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью