Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Фото: istockphoto.com
Қақтығысқа әкелетін триггерлердің бірнеше негізгі түрі бар. Біріншісі – бағалаушы және айыптаушы сөздер. «Сен әрқашан...», «Сен мүлде дұрыс емессің», «Сен міндеттісің» сияқты категориялық пікірлер адамды қорғануға мәжбүрлеп, қарсы агрессияны күшейтеді. Мұндай сөздер әсіресе әлеуметтік желілердегі пікірталастарда жанжалды ушықтырады.
Екінші түрі – үрей мен белгісіздікке негізделген сөздер. «Жаңа қауіп», «апат алдында тұрмыз», «мүмкін дағдарыс болады» секілді дәлелсіз болжамдар қоғамда қорқыныш пен сенімсіздік тудырады. Ақпараттық кеңістікте мұндай тәсіл назар аудартқанымен, ұзақ мерзімде қоғамдық сенімге кері әсер етеді.
Үшінші түрі – сарказм мен жасырын агрессия. Ашық қорлаудан гөрі астарлы мысқыл немесе «әзіл» түріндегі кемсіту адамдарға ауыр тиіп, өзара сенімді әлсіретеді. Сондықтан «әзіл» деген желеумен айтылған сөздің де салдарын ескерген жөн.
Полиэтникалық Қазақстан жағдайында сөздің жауапкершілігі одан әрі артады. «Сендердің ұлттарың...», «Біздікілер ондай емес» деген жалпылама тұжырымдар немесе бір адамның әрекетін тұтас этносқа таңу этносаралық сенімге нұқсан келтіреді. Мұндай стереотиптер қоғамдық келісімді әлсіретіп, бөлінушілікке жол ашады. Сондықтан этносаралық қатынаста «біз», «ортақ қоғам», «баршамыз» сияқты біріктіруші ұғымдарды қолдану әлдеқайда тиімді.
Триггер сөздердің алдын алудың ең тиімді жолы – сөз мәдениеті мен эмоционалдық интеллектті дамыту. Категориялық бағалаудың орнына өз пікірін сыпайы жеткізу, әңгімелесушіні мұқият тыңдау және эмоцияның жетегінде жауап бермеу жанжалдың алдын алады. Мысалы, «Сенікі дұрыс емес» деудің орнына «Мен бұл пікірмен келіспеймін» деп айту диалогты конструктивті арнада сақтайды.
Қорытындылай келе, сөз мәдениеті – жеке әдептің ғана емес, қоғамдық тұрақтылықтың да негізі. Әсіресе цифрлық кеңістікте әрбір сөз адамдар арасындағы сенімді нығайтуы да, әлсіретуі де мүмкін. Сондықтан эмоцияны кемсітусіз, жалпылаусыз және дәлелге сүйене отырып жеткізу – қақтығыстың алдын алудың және қоғамдық келісімді сақтаудың басты шарты.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты