Спортшылар 2000 АҚШ доллары көлеміндегі Airbnb грантын ала алады

01.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мен Airbnb спортшыларға арналған Airbnb Athlete Travel Grant бағдарламасына өтінім қабылдау басталғанын жариялады. Бағдарлама аясында спортшылар жаттығу жиындары мен жарыстарға байланысты сапар кезінде тұру шығынын өтеу үшін 2000 АҚШ доллары көлемінде грант ала алады. Бұл туралы ҚР ҰОК жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жалпы әлемнің түкпір-түкпірінен 1000 спортшыға қолдау көрсетіледі. Грантты алған күннен бастап 12 ай ішінде Airbnb платформасы арқылы тұрғын үйді брондау үшін пайдалануға болады. Бағдарламаның мақсаты – ірі халықаралық жарыстарға дайындық кезеңінде спортшылардың тұруға жұмсайтын қаржылық шығынын азайту.

Бағдарламаға Халықаралық Олимпиада комитеті немесе Халықаралық Паралимпиада комитеті мойындаған халықаралық спорт федерациялары ұйымдастыратын, 2028 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары мен Француз Альпілерінде өтетін 2030 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлері бойынша өнер көрсететін спортшылар өтінім бере алады.

Үміткерлер Олимпиада хартиясын, допингке қарсы ережелерді немесе спорттық бәсекенің адалдығын қамтамасыз етуге қатысты өзге де нормаларды бұзғаны үшін дисквалификацияда немесе уақытша шеттетілуде болмауы тиіс. Сонымен қатар қатысушылар грантты алу үшін Airbnb платформасында аккаунт ашуға қойылатын талаптарға сай болуы қажет. Платформа пайдаланушысының жасы кемінде 18-де болуы тиіс.

Бағдарламаға қатысу үшін спортшылар Athlete365 платформасында жеке басын растау рәсімінен өтіп, өтінім толтыруы қажет. Өтінімде соңғы үш жарыстағы нәтижелерін, алдағы үш жоспарланған жарысын көрсетуі, сондай-ақ гранттың дайындыққа қалай көмектесетінін және не себепті дәл өзі бұл қолдауға лайық екенін түсіндіруі керек.

Грант иегерлері конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша анықталады. Өтінімдерді қарау кезінде спорттық нәтижелер, спортшының жеке тарихы, алға қойған мақсаттары, қаржылық қолдауға деген қажеттілігі, алдағы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ, гранттың жарыстарға дайындыққа қаншалықты ықпал ететіні ескеріледі.

Өтінім қабылдау 2026 жылдың 7 шілдесіне дейін, АҚШ-тың Тынық мұхиты жағалауы уақытымен 23:59-ға дейін, Athlete365 платформасында жалғасады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью