Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Биыл ақпан айында СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 52 мекемесінің бастығы пара алды деген күдікпен ұсталған еді.
Ол алаяқтық жасауға әрекеттенгені және пара беруге итермелегені үшін жауапқа тартылды.
Сот материалдарына сәйкес, 45 жастағы Рүстем Рахметов түзеу мекемесін 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап басқарған. Өткен жылдың соңында ол мекемедегі жазасын өтеушінің Қызылжар аудандық сотқа жазасын жеңілдету үшін өтініш бергенін біліп, оң шешім қабылдануына көмектесе алатынын айтқан. Рахметов лауазымды тұлғаларға 200 мың теңге пара беруді ұсынып, ол қаражатты алдау арқылы қалтасына баспақ болады. Бірақ сотталған азамат уақыт өте келе ҰҚК СҚО бойынша департаментіне хабарласып, шара қолдануды сұрайды. Нәтижесінде 19 ақпан күні арнайы белгісі бар ақшаны жұмыс кабинетінде алған Рахметовты департамент қызметкерлері өз пәтерінде ұстады.
Айыпталушы кінәсін толық мойындады.
Петропавл қалалық соты оған негізгі жаза ретінде 3 млн теңге айыппұл тағайындады. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, «әділет подполковнигі» арнайы атағы күшін жойды.
Сот айыппұлды үкім заңды күшіне енгеннен кейін 1 ай ішінде төлеуді міндеттеді. Егер бұл талап орындалмаса, айыппұл мәжбүрлі түрде өндіріліп, тіпті бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.
Сонымен қатар одан мемлекет пайдасына 31 мың теңгеден астам сот шығындары және жәбірленушілерге арналған қорға 86 500 теңге өндірілді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін «Құлагер» ХК командасының бастығы үш жылға сотталғанын жазған едік.