Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
СҚО Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіповтың айтуынша, осы жылдың алғашқы екі айында спирттік ішімдік ішудің салдарынан құқықбұзушылық 12%, 93 дерегі тіркелген. Әсіресе, адам өлтіру қылмысы ішімдік ішумен тікелей байланысты.
- Адам өлтіру фактілерінің 90% астамында қылмыскерлер мас болған. Көп жағдайда мұндай оқиғалар отбасылық-тұрмыстық жанжалдардан туындайды. Былтыр кісі өлтіру саны 43% артып, 14-тен 20-ға дейін өсті.
Осыған байланысты алдын алу жұмыстарын күшейттік. Профилактикалық шаралар нәтиже бере бастады. Осы жылдың екі айында кісі өлтіру дерегі 80% төмендеп, 5-тен 1 жағдайға дейін азайды, - дейді Абай Жүсіпов.
Былтыр қоғамдық орындарда ішімдік ішкені және мас күйінде жүргені үшін 11,6 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Алкогольге тәуелді 185 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Сот арқылы мыңнан астам адамға тұрмыста алкоголь қолдануға тыйым салынды.
Сонымен қатар, заңсыз ішімдік саудасына қарсы күрес барысында 115 заңбұзушылық және спирті бар өнімді заңсыз сатудың 310 фактісі тіркеліп, айналымнан 5 тоннадан астам алкоголь тәркіленді. Биылдың өзінде 1 885 литр заңсыз өнім алынған.
- Ауыл тұрғындары арасында ішімдіктен толық бас тарту тәжірибесі кең қолданылып келеді. Қазірдің өзінде 37 ауылда алкоголь сатылмайды. Нәтижесінде бұл елді мекендерде қылмыс мүлде тіркелмеген, - дейді Абай Жүсіпов.
Бұған дейін СҚО-да былтыр интернет алаяқтар тұрғындарды 1,4 млрд теңгеге алдағанын жазған едік.