Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің мәліметінше, техногендік өрт бүгін таңғы сағат 6.30 шамасында шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, күнбағыс тұқымын кептіруге арналған құрылғы өртенген.
Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру қызметтері жұмылдырылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға бірнеше ауданның өрт сөндірушілері тартылды. Сондай-ақ СҚО ТЖД мамандары жұмылдырылды. Жалпы саны 35 қызметкер мен 8 негізгі техника жұмыс істеді.
Өртті сөндіру жұмыстарына қосымша 7 арнайы техника тартылды. Олардың қатарында ассенизатор, бензовоздар, 30 метрлік кран, «Жаңа Есіл» станциясынан келген өрт сөндіру пойызы, тиегіш және манипулятор бар.
СҚО ТЖД мәліметінше, түске қарай нысандағы өрт оқшауланды. Көрші ғимараттарға таралуына жол берілген жоқ. Өртті сөндіруге ТЖД күштері мен құралдары, «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» АҚ Ақмола филиалының өртке қарсы қызметінің өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.
Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, командалық-штабтық техника арқылы тұрақты байланыс қамтамасыз етілген. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін Өскеменде өртенген жер үйден ер адамның денесі табылғанын жазған едік.