Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Берік Аманжол Аққайың ауданындағы У.М.Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебінде математика және информатика пәндерінен сабақ береді. Бұған дейін Петропавлдағы зауыттардың бірінде инженер болып еңбек еткен жігіт осы білімін кейін мектепте пайдаға жаратқан.
Фото: Қуанар Абдрахманов- Домбыра жасау туралы идея осыдан үш жыл бұрын ойыма келді. Ол кезде Киров атындағы зауытта жұмыс істедім. Кейін мектепке ауысқан кезде техникалық білімімді қолданып, идеямды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Бұл - қазақтың домбырасын заманауи технологиялармен ұштастыру нәтижесінде жасалған аспап. Құрылғыны қуат беру арқылы қосамыз. Басында мандасып, «Менің есімім – Дина» деп таныстырады. Қазақтың атақты күйшіcі Дина Нұрпейісованың құрметіне «Дина» деп атадым, - дейді Берік Аманжол.
Домбыра бір айдың ішінде дайын болған. Ұстаз оқушысымен бірге өнер табысын ғылыми жобалар байқауында қорғады. Жақында аспапқа патент те алды.
Фото: Қуанар АбдрахмановДомбыраның пернелерінде жарықдиодты шамдар орнатылған. Сондай-ақ басқару пульті бар. Қазір аспаптың бағдарламасына төрт шығарма - Әнұран, «Көзімнің қарасы», «Би күйі» және «Кузнечик» шығармалары енгізілген.
- Пультті басу арқылы қай күйді үйренетініңізді таңдайсыз. Сондай-ақ шығарманы тез, орташа және баяу ойнатуға болады. Ол да пультпен қойылады. Аспапты қосып, қолға алған кезде пернелерде шам жанып, үйренушіге бағыт-бағдар беріп, орындау шеберлігін арттыруға көмектеседі. Бұл аспап арқылы 3-4 күнде бір күйді жаттап алуға болады, - дейді шебер ұстаз.
Қазір оқушылар аспапты үйлеріне кезекпен алып кетіп, үйде де өздігінен жаттығып жүр. Мектеп мұғалімдері де қызығушылық танытқан.
Бұған дейін Ақтаулық 28 жастағы зергер Дамир Төребай ұлттық әшекей бұйымдарды заманауи үлгіде жаңғыртып, көпшілік сұранысына ие бұйым жасаумен айналысатынын жазған едік.