СҚО да биыл 24,5 млн көшет отырғызу жоспарланған

27.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2021-2027 жылдарға шақталған кешенді жоспар аясында қазірдің өзінде облыс аумағында 74,5 млн дана көшет егілген. Орман шаруашылықтарында қазір 43 тәлімбақ бар. Осы мақсатқа 70 га аумақ бөлінген.

— Ағаш отырғызу бойынша кешенді жұмыс қолға алынған. Орманды қорғау үшін рейдтер өтеді. Жылда материалдық-техникалық базамыз жаңартылып жатыр. Сондай-ақ ормандарды түрлі зиянкестерден қорғау бойынша шаралар ұйымдастырылады.

Ал егетін көшетті дайындау бірнеше кезеңнен өтеді. Тұқымды жинаймыз, оны өңдеп, сақтап, сапасын тексеріп, кейін орман тәлімбақтарына себеміз. Өніп шыққаннан кейін оның қурап кетпеуі маңызды. Уақтылы суару, күннен қорғау, арамшөбін жұлу. Жалпы қарағай көшетін біз екі жыл өсіреміз. Қайыңды бір жылдан кейін отырғызуға болады. Белгілі бір талаптарға сай келгенде біз көшеттерді тәлімбақтан мемлекеттік орман қорына егеміз, — дейді басқарманың бөлім басшысы Василий Лабанчук.

Былтыр, мамандардың айтуынша, 3 362 га аумаққа 24,5 млн дана көшет отырғызылып, меже 100% орындалды. Кешенді жоспарды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 410 млн теңге бөлінді.

Биыл да 24,5 млн көшет отырғызу міндеті тұр.

— Ағаш отырғызатын жерді анықтау үшін мемлекеттік орман қоры аумағындағы 728 га-да геоботаникалық зерттеу жүргізілді. Күзде 6,9 тонна ағаш тұқымы жиналды.

Уақытша тәлімбақтардың аумағын үлкейтіп жатырмыз. Былтыр күзде 15 га алқапқа тұқым себілді. Ол жерден 15-18 млн көшет алуды жоспарлап отырмыз, — дейді басқарма маманы Сәуле Сүлейменова.

Қазіргі уақытта СҚО-ның орман қоры 688 мың га жерді алып жатыр. Оның 135 мың га «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан. Ормандардың 85% — қайың, тек 4% ғана — қылқан жапырақты ағаштар.

Бұған дейін «Ертіс орманында» қар тоқтату жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған едік.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью