СҚО да екі гидротехникалық құрылыс апатты жағдайда тұр

03.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

СҚО әкімдігінің мәліметінше, 18 гидротехникалық құрылыстың бесеуі — республикалық меншікте, 12 нысан коммуналдық меншікте және 1 нысан жеке меншікке берілген.

Қазіргі уақытта 2 гидротехникалық құрылыс апатты жағдайда деп танылған. Соның біреуі — Ғ. Мүсірепов атындағы аудан аумағындағы су қоймасы бар Шарық гидроторабы. Бұл нысан «Қазсушар» кәсіпорнының қарауында.

Нысан құрамында жобалық көлемі 8 млн 257 мың текше метр болатын Шарық су қоймасы бар.

2016 жылы жерден салынған бөгеттің қабырғасында өткізу қабілеті 408 м³/сек болатын жарық пайда болған. Осы ақаудың салдарынан гидроторап апатты жағдайға ауыстырылды.

Төменде орналасқан елді мекендерге — Мәдениет, Көкалажар, Рузаевка, Андреевка және Чернобаевка ауылдарына төтенше жағдай қаупін болдырмау мақсатында гидроторап транзиттік режимге көшірілген. Қазіргі уақытта су қоймасы су жинамай, келген суды бірден төменге жіберу тәртібімен жұмыс істеп тұр.

— Гидроторапты қайта жаңғырту іс-шарасы Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген. Жобаны жүзеге асыру 2028 жылға жоспарланған. Болжам бойынша 1,3 млрд теңге жұмсалады, — дейді «Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Ержан Кусумбаев.

Апаттық жағдайда тұрған екінші нысан — Уәлиханов ауданы Тілеусай ауылы маңындағы су көтергіш бөгет.

Бұл су қоймасы диаметрі 500 мм болатын үш сифондық құбыр арқылы және диаметрі 1500 мм болатын апаттық тасқын су ағызғыш арқылы реттеледі. Қазіргі таңда үш сифондық құбырдың техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп танылғанымен, апаттық су ағызғыш жөндеуді қажет етеді. Ал бөгеттің жалпы техникалық жағдайы апатты деп бағаланған.

Сондай-ақ Есіл ауданы Есіл ауылындағы қысымды-реттеуші бөгеттің жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылған. 

Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан бері нысанның ысырмалары көтерілген күйде тұр. Гидроторап су жинақтамайды. Қазіргі уақытта нысан төмен орналасқан елді мекендерге қауіп төндірмейді. Алайда, оның толыққанды жұмыс істемеуі су ресурстарын тиімді басқаруда өзекті мәселе болып отыр.

Бұған дейін СҚО-да Есіл өзенінің 32 км қамтитын түбі тазартылып, тереңдетілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью