Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
СҚО әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі ауқымды цифрлық трансформацияның бастауында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана тұр. Жыл сайын 300 мыңнан астам оқырман келетін кітапхана қорында 750 мың дана кітап бар. Мекемеге «РАБИС» автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйесі енгізіліп, «Qyzylzhar kitaphanasy» электронды кітапханасы іске қосылған. Нәтижесінде өлкетану қорлары мен сирек басылымдарды жүйелі түрде цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс тұрғындары жергілікті және ұлттық цифрлық ресурстарға кез келген жерден қол жеткізе алады.
Былтыр өңірде еліміздегі алғашқы кітапханалық нейроассистент – «AI Zhan» іске қосылды. Жоба OpenAI технологиялары негізінде әзірленген. Виртуалды көмекші тәулік бойы жұмыс істеп, оқырмандарға кітап таңдауға, электронды каталогтармен жұмыс істеуге, цифрлық қызметтерді меңгеруге көмектеседі.
Кітапханаларда жасанды интеллект элементтері кітаптарды автоматты индекстеуде, цифрлық архивтер құруда және интерактивті жобаларды жүзеге асыруда қолданылып жатыр. Мәселен қазір Сәбит Мұқанов мұрасын насихаттауға арналған цифрлық жобалар, Шоқан Уәлиханов пен Фёдор Достоевский арасындағы хат алмасуға арналған интерактивті бастамалар әзірленген. Бұл жобалар, ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихи мұраны заманауи форматта ұсынуға мүмкіндік береді.
Кітапхана базасында «Мейкерспейс» алаңы жұмыс істейді. Мұнда жастар робототехника, 3D-модельдеу және виртуалды шынайылық технологияларын тегін меңгере алады.
Ал биыл қаңтар айынан бастап облыс кітапханаларына QR-код арқылы қызмет көрсету жүйесі енгізіліп, оқырмандарды тіркеу онлайн форматқа көшірілді. Бұл кітапхана қызметін жедел әрі қолжетімді етті.
Қазір СҚО-да 321 кітапхана жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар саны артқанын жазған едік.