Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Солтүстік Қазақстан облысында алдағы күндері ауа райы күрт суытады.
Синоптиктердің болжауынша, аптаның соңына дейін өңірде 38 градусқа дейін аяз болады. Осыған байланысты төтенше қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір облыс аумағында 232 жылыту пункті дайын.
Қазір өңірде сынап бағанасы минус 36-ны көрсетіп тұр. Шалғайдағы елді мекендерде бұл көрсеткіш 38 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Сол себепті құтқарушылар төтенше жағдайлардың алдын алу үшін дайындық үстінде. Қажет болған жағдайда жылыту пунктері 12 мың адамға дейін қабылдай алады. Сонымен бірге эвакуацияға арналған автобустар мен вахталық көлік те дайын тұр.
Евгений Журавлёв, ТЖД баспасөз қызметінің бастығы:
- Облыс аумағында 232 жылыту пункті бар. Барлығы жолда қалғандар жолаушыларды қабылдауға дайын. Сонымен қатар эвакуациялық және қосалқы мыңға жуық техника сақадай сай.
Өңірде екі аптадан бері аяздың беті қайтпай тұр. Жедел қызмет өкілдері үсік шалу және тоңып қалу бойынша шақыртулардың артқанын хабарлайды. Петропавлда өлім жағдайы да тіркелген.
Юрий Белоног, облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасының директоры:
- Үскірік аяз кезінде 18 қоңырау тіркелді. Оның ішінде 9 адам ауруханаға жатқызылды. Өкінішке қарай, бір адамды үсік шалып көз жұмды. Мұндай жағдайлар көбінесе масаң күйде далада ұйықтап қалғаннан болады.
Наталия Левина, "Қазгидромет" РМК ОФ директорының орынбасары:
- Бұл солтүстік-шығыстан келген антициклон. Өткен аптадағы аяз осы аптада сақталып отыр. Антициклон үлкен аумақты қамтиды және белгілі бір уақыт өткен соң қайта айналып келеді.
Қатты аяздан қаңғыбас жануарлар да зардап шегіп жатыр. Волонтерлер тұрғындарды жануарларға жылы жерге кіріп-шығуға мүмкіндік беруге үндейді. Подъезд, жертөле, жылу трассаларының маңы сияқты орындарға өтуді шектемеуді сұрайды.
Александр Маланин, жануарларды паналату орталығы директорының орынбасары:
- Қазір аяз өте қатты. Сондықтан тұрғындардан жертөлелерді, подъездерді, жылу құбырлары маңын жануарларға уақытша ашық қалдыруды сұраймыз. Бұл олардың аман қалуына көмек болады.
Синоптиктердің болжауынша, антициклон әлсірей бастайды, ал келесі аптадан бастап өңірде температура біртіндеп көтеріледі.
Рүстем Қайратұлы, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков