24.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жылу маусымында өртке қарсы үш мыңға жуық датчик орнатылады. Төтенше жағдайлар қызметкерлері оларды әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тегін таратып жатыр. Мамандардың айтуы бойынша құрылғылар қайғылы жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.
Петропавл қаласының тұрғыны Карина Душкина үш баласымен тұрады. Бүгін оның үйіне төтенше жағдайлар қызметкерлері келіп, өртке қарсы датчик орнатып берді. Бұл құрал улы газ тараған кезде іске қосылып, дабыл қағады.
Карина Душкина, қала тұрғыны:
- Бұған дейін ескі үйіміздің пешінен өрт шыққан. От күндіз жанып, аман қалдық. Сондықтан оның арты не боларын жақсы білеміз. Мамандар бүгін датчик орнатты. Енді ондай уайым жоқ.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері осындай рейдтерді күн сайын ұйымдастырады. Бір ғана Петропавлда жер үйде тұратын 300-ге жуық осал топтағы отбасы бар. Құтқарушылар олардың пешін тексеріп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.
Дулат Кенжебаев қалалық ТЖБ инженері:
- Бүгінгі күнге дейін 800-ге жуық мұржа тазаланды. Бұл ретте әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасыларға көп көңіл бөлінеді. Қазір облыс ойынша осындай 5 781 жанұя бақылауға алынған.
Сақтықта қорлық жоқ. Өңірде жыл басынан бері 420-ға жуық өрт болып, 26 адам қаза тапты. Сондықтан мамандар қауіпсіздік шараларына мұқият болуға кеңес береді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков