Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
«Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» филиалының мәліметінше, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мамандарымен бірлескен рейд өткен. Жалпы, жыл басталғалы осындай үш тексеріс ұйымдастырылып, 128 км жол қамтылды.
Фото: «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» СҚО филиалыРейд барысында қысқы кезеңге дайындық деңгейі, арнайы техникалардың жарақтандырылуы, сондай-ақ тайғаққа қарсы материалдардың қоры да тексерілді.
— Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасына сәйкес филиал жанынан комиссия құрылды. Комиссия құрамына «ҚазАвтоЖол» және «КАЖсервис» ұйымдарының өкілдері енді. Комиссиялық тексерістің қорытындысы бойынша тиісті акт жасалып, комитетке жолданады, — дейді «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» филиалының директоры Қанат Өсербаев.
СҚО-да республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 2 мың шақырым. Оның ішінде 30 шақырым жол қайта жаңғыртудан, 57 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
Фото: «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» СҚО филиалыЖолдарды күтіп-ұстау жұмыстары «ҚАЖсервис» ЖШС жүктелген. Қыста 150-ден астам арнайы техника мен 315 маман жолдардың тазалығына жауап береді. Биыл қысқы жол күтіміне 1900 тонна тұз, 4300 тонна құм, 710 тонна електен өткен материал және 72 тонна арнайы реагент дайындалған.
Мониторинг барысында 2 ескерту тіркеліп, олар бақылауға алынды. Атап айтқанда, жолды қар басып, ол тығыздалып басылып қалған және жиегінде қар үйінділері анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Кемшіліктер А-13 «Көкшетау — Кішкенекөл — Бидайық — РФ шекарасы (Омбы)» автожолының 213–280 шақырым аралығында тіркелді. Учаскеге қызмет көрсететін мердігер ұйым — «Көкшетауавтодор» ЖШС-ге кемшіліктерді жоюға нұсқама берілді.
Бұған дейін СҚО-да жол сапасын тексеруге жасанды интеллект қолданылып жатқанын жазған едік.