Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, мемлекеттік қызмет саласындағы талдаулар және жұмыс уақыты режимінің мониторингі аясында заң бұзу анықталды.
Заң бұзудың басым бөлігі жұмыс уақыты режимінің сақталмауымен байланысты. Мониторинг барысында 184 мемлекеттік қызметшіні тиісті құқықтық ресімдеусіз белгіленген жұмыс уақытынан тыс жұмысқа тарту фактілері анықталды.
— Нәтижесінде бұл адамдарға демалыс күндері беріліп, артық істеген жұмысы үшін өтемақы төленді. Жіберілген кемшіліктер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89-бабы бойынша 8 лауазымды тұлға — 5 аудан әкімі және 3 бөлім басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді департамент басшысы Ержан Қарымсақов.
Сондай-ақ, талдау барысында іс-сапар шығындарын өтеу кезінде заң бұзылғаны анықталған.
Қызметші іс-сапарға шыққанға дейін қаражат аударылуы тиіс деген талапқа қарамастан, іс-сапар сомасы толық төленбеуі, артық төленуі немесе уақытылы аударылмауы фактілері анықталды.
Нәтижесінде 11 мемлекеттік қызметшіге 225 мың теңге үстеме ақы төленіп, 2 қызметші артық төленген 61 064 теңгені бюджетке қайтарды.
— Тексерістер мен тәртіптік практикаға жасалған талдау қорытындысы бойынша заңсыз салынған 10 тәртіптік жазаның күші жойылды. Бұл заң бұзу тәртіптік жауапкершілікке тарту рәсімдерінің, соның ішінде қызметтік тергеу жүргізу тәртібі мен мерзімдерінің сақталмауына қатысты болды.
Сонымен қатар, әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға арналған конкурстарды өткізу кезіндегі заң бұзу да әшкереленді. Мәселен, кандидаттарды конкурс кезеңдеріне негізсіз жіберу немесе біліктілік талаптарына сай келетін үміткерлерді қабылдаудан заңсыз бас тарту фактілері анықталды. Оған қоса, конкурс комиссиясы мүшелері балл қоймау арқылы қатысушыларды бағалау тәртібін бұзған, — дейді Ержан Қарымсақов.
Анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, жекелеген конкурстардың нәтижелері жойылды, ал кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін мемлекеттік қызметші қызмет барысында және жұмыстан тыс уақытта нені білуі керек екенін жазған едік.