Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
СҚО Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіповтың айтуынша, бұл — өңірдегі ауылдық жерде жұмыс істеп тұрған алғашқы орталық. Қызылжар аудандық полиция бөліміне қарайтын нысанға 72 бейнекамера және 5 аппаратты-бағдарламалық кешен қосылған. Биыл бұл тәжірибені облыстың тағы алты ауданында енгізу жоспарланып отыр.
— Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі қарқынды дамып келеді. Бұл өз нәтижесін беріп, көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыс деңгейі төмендеген. Бүгінде облыстағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында 47 мыңға жуық камера жұмыс істейді. Оның ішінде 14 мыңнан астамы облыстық жедел басқару орталығына қосылған. Былтыр қосымша 114 бейнебақылау камерасы орнатылды, — дейді Абай Жүсіпов.
Қазір көшелер мен қоғамдық орындарды бақылау мақсатында 1 160 камера жұмыс істейді. Соның нәтижесінде, биылғы алғашқы екі айда қоғамдық орындарда тіркелген қылмыстар саны 10% азайған.
— Жедел басқару орталығында тәулік бойы қаладағы ахуал бақылауда ұсталып, кез келген құқық бұзушылыққа жедел әрекет етіледі. Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы үйлестіріліп отырады. Былтыр камералардың көмегімен 887 қылмыс ашылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19% артаты. Сондай-ақ 27 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ал осы жылдың алғашқы екі айында 152 қылмыс ашылып, 5 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелді, — дейді Абай Жүсіпов.
Департамент бастығының айтуынша, қазір әкімдіктің қолдауымен тағы 720 бейнекамера орнату жұмысы басталды. Бұл жолдар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті одан әрі арттыра түспек.
Бұған дейін СҚО-да былтыр интернет алаяқтар тұрғындарды 1,4 млрд теңгеге алдағанын жазған едік.