СҚО дағы Үлкен Тораңғұл көліндегі ылғал қоры былтырғымен салыстырғанда 74 пайызға төмен

25.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

СҚО әкімдігінің мәліметінше, мониторинг барысында Шал ақын, Ғабит Мүсірепов, Есіл, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов және Тайынша аудандары, сондай-ақ Үлкен және Кіші Торанғұлға кіретін өзен арналары, Шағалалы өзені, Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасы қамтылды.

— Әуеден қазіргі гидрологиялық ахуал бағаланды. Үлкен Тораңғұл көлінде ылғал қоры өткен жылмен салыстырғанда шамамен 74% төмен. Есіл ауданында қар жамылғысы қарқынды еріп, азайған. Қалған аудандарда еріген қар сулары мен мұздың әлсіреуіне байланысты қауіп бар. Шағалалы өзенінде су деңгейінің аздап көтерілуі тіркелді, алайда ол өткен жылғы көрсеткіштерден төмен. Мұз жамылғысы біртіндеп босаңсып келеді, — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Фото: СҚО әкімдігі

Өңір басшысының айтуынша, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен және «Қазсушар» кәсіпорны Ақмола филиалымен бірлесіп қабылданған шешімге сәйкес, 28 ақпаннан бастап Сілеті су қоймасынан суды алдын ала жіберу басталды. Бұл су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуге және су деңгейінің күрт көтерілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Фото: СҚО әкімдігі

25 наурыздан бастап СҚО-да түнгі уақытта да сынап бағанасы оң температураны көрсетіп тұр. Барлық жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, өткен тәулікте Шағалалы өзенінің су деңгейі бірден 49 см көтерілді. Бабық Бұрлық, Аққанбұрлық, Шарлық секілді шағын өзендерде де аздаған өзгеріс бар. 25-27 наурыз аралығында ауа температурасы күндіз +12 градусқа дейін жылынбақ. Бұл қар жамылғысының қарқынды еріп, мұз жамылғысының әлсіреуіне және өзендерде су деңгейінің көтерілуіне әкелмек.

Фото: СҚО әкімдігі

Бұған дейін Ақмола және СҚО құтқарушылары су тасқыны жағдайын бағалағанын жазған едік.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью