Сталкинг: елде 8 қылмыстық іс қозғалды

30.01.2026

24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Қазақстанда сталкинг бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Бірақ барлығы бірдей сотқа жетті деуге келмейді.

Құқық бұзушылықтың қауіптілік деңгейіне қарай айыппұлмен құтылып кететіндер бар. 

Иә, таяуда Солтүстік Қазақстан облысында сталкинг дерегі бойынша алғашқы сот үкімі шықты. Тергеу материалдарына сәйкес, 37 жастағы қала тұрғыны бір жарым жыл бойы әйел адамды жүйелі түрде қудалап келген.

Сталкингке қатысты нақты деректер құқықтық статистика порталында келесі айдың басында жарияланады. Алайда халық арасында резонанс тудырып үлгерген жағдайларға тоқталсақ, олар Атырау және Абай облыстары, тағы соңы қайғылы жағдаймен аяқталған Шымкент қаласы бар. 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іске «сталкинг» бабы қосылды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың қорғаушысы мәлімдеді. Полиция департаментінің өкілдері күдіктінің «Адам өлтіру», «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» баптарымен тергеліп жатқанын айтты.

Сұлтан Серікбай, марқұмның ағасы:

- Болашақта сот процестеріне көңіл аударса деймін. Онлайн түрде болатын болса әділдік те, адамдардың сенімділігі де болады. Қалай жауап беріп жатқанын толық көрсе жақсы болады. Егер де тікелей эфирде осындай ауыр жазалар қолданылатын болса, осындай жағдайдың азаюына әсер етеді.

Қайғылы жағдайдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ішкі істер министрі мен Бас Прокурор істің әділ әрі мұқият тергелуін өз қадағалауына алды. Қазір қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтау үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Исфандияр Құралбаев, қалалық ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда «Адам өлтіру», «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» бойынша қылмыстық іс тергелуде. Істің толық мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Жуырда Семей қаласында да сталкинг дерегі тіркелгені есімізде. Аружан есімді бойжеткен түнгі сағат үште үйіне келіп, кіреберіс есігін ашқан сәтте оған 24 жастағы қыз тап берген. Бұл әрекеті үшін сталкер қыз 85 мың тг айыппұлмен құтылған. Қылмыстық іс қозғалмаған. Алайда жәбірленуші түсірген бейнежазбаны көрсек, күдікті оны «көру қабілетіңнен айырылғың келе ме?» деп қорқытқан және балағат сөз айтқан.

Бұл жаға ұстатарлық жағдайға байланысты Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха пікір білдіріп, осы істің мән-жайын тағы бір мәрте тексеруге уәде берді.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Сталкинг туралы заңның күшіне енгеніне көп бола қойған жоқ. Қылмыстық істер қозғалып жатыр. Заң кезең-кезеңімен жүйелі жұмыс істейді деп ойлаймын. Бірақ сәл уақыт керек. Бүгінде полиция қызметкерлеріне түрлі жағдайдағы сталкинг белгілерін нақты анықтауды және баға беруді үйретіп жатырмыз.

Қылмыстық Кодекстің 115-те 1-ші бабына сәйкес сталкингке барған адам 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл шамамен 740 мың тг. Болмаса 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартылады. Егер қудалау зорлық-зомбылықпен, қорқытумен және бопсалаумен ұштасса, іс-әрекетке басқа баптар бойынша баға беріліп, қосымша сараланады.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью