Сталкинг: нені білген жөн?

30.06.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мазалау – «махаббат» емес!

Елімізде өткен жылдың 16 қыркүйегінен бастап сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қолданылады. Яғни Қылмыстық кодекстің 115-1-бабымен қудалау үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Сон­дай-ақ енгізілген түзетулерге сәйкес 125-1-баппен некеге тұруға немесе бірге тұруға мәжбүрлегені үшін, оның ішінде қорқыту, бопсалау, психологиялық қысым көрсету, зорлық-зомбылық немесе алып қашу арқылы жасалған әрекеттерге жаза бар.

Бұған дейін мұндай жағ­дайлар «Қорқыту» бабы аясында ғана қаралды. Оның өзінде жәбірленуші күдіктінің сөз жүзіндегі қоқан-лоқысы нақты әрекетке ұласқанын дәлелдеу керек еді. Бұған қоса, зардап шегушілердің бір бөлігі «Жұрт не дейді?», «Ұят болады» деген таптаурын түсініктен, қоғамның түрлі себеппен өзін кінәлауынан (виктимблейминг) қорқып, құқын қорғауға батылы бармады. Десек те заңның қабылдануы мәселені әлі түбегейлі шешкен жоқ.

Өйткені биыл қаңтар ­айында Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудыр­ды. Бұл трагедия қыз-келін­шек­тер қауымының қауіпсіздігін қам­тамасыз етудегі кемшін тұс­тарды көрсетті. Олай деуімізге себеп, Нұрайды күдікті айлап қудалап, тіпті алып қашқан. Отбасы полициядан бірнеше рет көмек сұрағанымен, арызды қабыл­дамаған. Ақыр аяғында бұл сал­ғырттық адам өліміне әкеліп соқтырды. Оқиғадан ке­йін Президент тапсырмасымен по­ли­ция әрекетіне тексеріс жүр­гізілді. Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды. Некеге мәжбүрлеу дерегін тіркемеген қызметкерлерге қатысты қыл­мыстық іс қозғалды.

Нұрайды 11 жерінен пы­шақ­­­тап өлтірген күдіктіге Қыл­мыс­­тық кодекстің «некеге тұ­руға мәжбүрлеу» (125-1-бап), «стал­­кинг» (115-1-бап), «аса қаты­гез­дік­пен адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы) баптарымен айып тағылды. Жақында қайғылы оқи­ғаға қатысты тергеу аяқталды.

Бұл іс қоғамдағы маңызды сұ­­рақ­ты күн тәртібіне шығарды: заң­дық нор­малар қабыл­дан­ғанымен, оның талаптары қаншалықты орындалып жатыр? Негізі Нұрай оқиғасы мыңдаған қыз-келін­шектің өмірін дер кезінде қорғап қа­­луға түрткі болды. Қазір олар өз­де­­ріне қауіп төнгенін сезсе, кө­мек сұраудан қорықпайды. Бұл пікір­ді Ішкі істер министрінің орын­басары Санжар Әділов те растайды.

– Биыл бес айда елде сталкинг дере­гімен 248 қылмыстық іс тір­келіп, оның 83-і сотқа жолданды, әзірге 59 іс бойынша ғана шешім шықты. Ал некеге мәжбүрлеу дерегімен 19 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Яғни әйелдер көмек сұ­рап жиірек жүгінетін болды және аңду, некеге мәжбүрлеу мен зор­лық-зомбылықтың басқа да түр­лері туралы үнсіз қалмайды. Бұл мәселенің ушығуын емес, аз­аматтардың мемлекеттік инс­титут­тар мен құқық қорғау жү­йе­­сіне деген сенімінің арт­қанын көрсетеді, – деді ол.

Дей тұрғанмен, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева ел арасында әлі күнге дейін жеке шекараны бұзатын кейбір әре­кет­тердің романтикаланатынын айтты. Ол мәселені шешу үшін заңнамалық шаралармен қатар жаңа құқықтық мәдениет қалып­тас­тыру қажет дейді.

– Қоғамда сталкингтің мәні, оның қандай әрекеттерді қамти­тыны, адамға тигізетін зияны туралы бірізді түсінік қалыптасқан жоқ. Себебі көпшілік зорлық-зомбылықты көбіне физикалық күш қолданумен ғана байланыстырады. Дене жарақаты болмаса, мәселе де жоқ деген қате көзқарас бар. Шын мәнінде, сталкингтің қаупі бір реттік әрекетте емес, оның жүйелі әрі қайталанатын сипатында. Мұндай жағдайда жә­бір­ленуші өмір салтын өзгер­туге мәжбүр болады: телефон нөмірін өз­гер­теді, әлеуметтік желідегі парақшаларын өші­реді. Адам қудалаушыдан жүз­деген шақы­рым қашықта жүрсе де, оның ық­палын күн сайын сезінуі мүмкін. Осы орайда табандылық пен қудалаудың арасындағы шека­раны анықтау керек. Стал­кинг жоғары ла­тентті құқық бұзушылық қа­та­рында. Адам бас тартқан соң, қанша қоңырау, хабар­ламадан кейін сталкинг болып есептеледі? – дей келе депутат бұл сұрақтың әлі де жауабы жоқ екенін жеткізді. ­­­

­­­­Норманы жетілдіру қажет

«Tokayeva & Partners» адво­каттық кеңсесінің басқарушы серік­­тесі Әсел Тоқаева да стал­кинг тура­лы норма құқық­бұзу­шы­лықтың алдын алу мен жауап­кер­шілікті саралауға толық жа­уап бере алмайды деп есептейді. Яғни қолданыстағы редакция бір ғана бөліктен тұрады. Онда әрекеттің қоғамдық қауіптілік деңгейі, қудалаудың ұзақтығы, жасалу тәсіл­дерінен туындаған сал­­дарына қарамайды.

– Мәселен, бір реттік мазасыз хабарламалар мен жүйелі түрде жүргізілген ұзақмерзімді қудалау әрекеттеріне бірдей жаза қарастырылған. Оған 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айып­пұл немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылады. Сонымен қатар бап құрамына қорқыту мен зорлық-зомбылық әрекеттері кірмейді. Мұндай белгілер пайда болған жағдайда іс Қылмыстық кодекстің өзге баптарымен сараланып, зорлау, денсаулыққа зиян келтіру немесе адам өлтіру сияқты ауыр қыл­мыстар санатына өтуі мүмкін. Бұл жағдайда жауапкершілік тек соң­ғы салдар үшін қарастырылып, оған дейінгі ұзақ уақытқа созыл­ған психологиялық қысым мен жүйе­лі қудалау құқықтық бағалау­сыз қалып қояды. Салдарынан кейін ауыр қылмыстарға ұласатын, олардың алдын алуда маңызды рөл атқаратын қудалау фактісінің өзі тиісті құқықтық бағасын алмайды, – деді адвокат.

Оның үстіне, қазіргі норма киберсталкингтің ерекшелігін, үшінші тұлғалар арқылы қуда­лау­ды, техникалық бақылау құрал­дарын пайдалануды, интим­дік материал таратуды және психо­логиялық манипуляцияны жет­кілікті деңгейде ескермейді. Сәй­ке­сінше, жаза түрлерін саралау тетігі де қарастырылмаған. Әсел Тоқаева осы олқылықтарды жою үшін бапты қосымша бөліктермен толық­тыру қажет деген пікірін біл­дірді.

– Құқық бұзушылықтың бір топ адам немесе ақпараттық-коммуникациялық технология­ларды пайдалану арқылы (кибер­сталкинг) жасалуы; күш қолда­намын деп қорқыту, бопса­лау, мүлікті жою; психолог қоры­тындысымен расталған психи­калық денсаулыққа зиян келтіру салдарына әкелуі сияқты белгі­лерді енгізуге болады. Жалпы, заң қабылдау – алғашқы қадам ғана. Оның нақты тиімділігі үшін бұқаралық ақпарат құралдары, мектеп, жоғары оқу орындары, әкімдік арқылы әсіресе өңірлерде, кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Қоғамға «қыз алып қашу» мен адамның соңына түсіп қудалау романтика да, дәстүр де емес, қылмыстық құқықбұзушылық екенін түсін­діру маңызды. Сот арқылы бері­летін ұзақмерзімді қорғау нұс­қа­малары институтын енгізу қажет. Өйткені учаскелік полиция инспекторлары рәсімдейтін 30 күндік қорғау нұсқамалары көп жағдайда қажетті нәтиже бере бермейді. Полиция қыз­мет­керлері әйелдерді арызын қай­тарып алуға үгіттемеуге, жәбір­ленушінің мүддесіне қайшы әрекет етпеуге тиіс, – деді ол. 

Жаза қатаңдай ма?

Алдағы уақытта сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік кү­шей­тіледі. Жауапты органдар сталкингті орташа ауыр қыл­мыс­тар санатына енгізіп, оған қа­тысты жазаны қатаңдатуды ұсы­нып отыр. Енді мұндай әрекетке барғандар бес жылға дейін бас бос­тандығынан айырылуы мүмкін.

– Мұндай қылмыстық құқық­бұзушылықтардың белгілері анық болған жағдайда күдіктілерге қа­­тысты процестік мәжбүрлеу шара­лары жедел қолданылады. Бірден уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін тергеу сотының шешімімен қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалады. Тергеу әрекеттері жедел жүр­гізіліп, қылмыстық істердің едәуір бөлігі қысқа мерзімде аяқталады. Қазір аңдығаны үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Көбіне 30-40 тәулікке қамау түріндегі жаза қолданылады. Алайда тәжі­ри­беде бұл жеткіліксіз болып, сот­талғандар үкімнен кейін де жә­бірленушілерді аңдуын жал­ғас­тырған жағдайлар кез­десті. Мәселен, Алматы об­лысын­да сталкинг жасаған жігіт соттал­ған­нан кейін де өз әрекеттерін жал­ғастырған. 115-1-бап бойынша қыл­мысты қайта жасағандарға жаза­сын қатаңдатуды қарастырып жатыр­мыз, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары С.Әділов.

Ал «Некеге тұруға мәжбүрлеу» туралы айтсақ, бұл норма қоғамда әбден талқыланып, пісіп-жетіл­ген бап деуге болады. Себебі мәселе 2023 жылдан бері көтеріліп, сарап­тамалық және түсіндіру жұмысы жүйелі түрде жүргізілді. Тіпті жаңа Ата заңда да «Неке – ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы» деп бекіттік. Әрі ол мемлекет белгілеген тәртіппен тіркелуге тиіс.

ТҮЙІН. Қылмыстық ко­декс­тегі аталған нормалар жаңа мін­деттерді жүктейді. Ендігі меже – күш-жігерді біріктіріп, қоғам­дық көзқарасты өзгерту, зор­лық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік ­ахуа­лын қалыптастыру, құқық­тық мәдениетті жақсарту және бапты қосымша бөліктермен толық­­тыру. Ең маңыздысы – стал­кингке ұшыраған немесе некеге тұруға мәжбүрленген жәбір­ленушінің нақты әрекет ету тәртібін айқындау.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью