Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Фото: istockphoto.com
Ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы алшақтықты еңсеру: Қазақстан қандай қадамдарға бармақ?
Қазақстанда ғылым мен инновацияларды экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналдырудың жаңа тәсілдері талқылануда. Әңгіме стартаптарды қолдаудың жекелеген бағдарламалары немесе ғылыми жарияланымдар санын арттыру туралы емес, жүйелі өзгерістер жайында болып отыр.
12 маусым күні Үкімет үйінде өткен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңесте (Инновациялық штаб) Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми зерттеулерді, өндірісті және экономиканың нақты қажеттіліктерін біртұтас жүйеге біріктіруге бағытталған инновациялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын таныстырды.
Штаб мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек инновация мәселесі бүгінде бір ғана ведомствоның құзыретімен шектелмейтінін атап өтті.
«Бүгінгі отырыстың маңызы ерекше. Біз алғаш рет инновацияларды ғылым, цифрландыру немесе өнеркәсіптің жеке салалық мәселесі ретінде емес, ел экономикасын жаңғыртудың кешенді міндеті ретінде қарастырып отырмыз», – деді министр.
Инновация бар, бірақ технологиялық жетілу жеткіліксіз
Министрлік жүргізген алғашқы қадамдардың бірі – елдегі инновациялық қызметке ауқымды түгендеу жасау болды. Enbek.kz порталы арқылы 6 мыңнан астам кәсіпорынға сауалнама жүргізілді.
Талдау нәтижесінде инновациялық әлеуеті бар 1600-ден астам компания анықталды. Бұл кәсіпорындарда 147 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде шамамен 29 мыңы инженерлік, IT және ғылыми сала мамандары.
Алайда зерттеу маңызды мәселені көрсетті. Инновациялық бастамалар саны көп болғанымен, жобалардың басым бөлігі даму сатысының бастапқы кезеңінде қалып отыр. Анықталған әзірлемелердің шамамен 60 пайызы зерттеу және зертханалық сынақ деңгейінде қалып, өнеркәсіптік өндіріске дейін жетпейді.
Қазіргі таңда инновациялық белсенділіктің ең танымал бағыты жасанды интеллект пен деректерді талдау болғанымен, мұндай жобалардың басым бөлігі әлі тәжірибелік қолданыс кезеңіне өте алмаған.
Министрліктің пікірінше, идея мен коммерциялық өнім арасындағы осы алшақтық Қазақстанның инновациялық экожүйесін тежейтін басты жүйелі мәселе болып отыр.
Ғылым мен нарық арасындағы «өліара»
Министр баяндамасының негізгі тақырыбы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудағы үзіліс мәселесі болды.
Қазіргі уақытта мемлекет іргелі зерттеулер мен ғылыми жобалардың бастапқы кезеңдерін қаржыландырады. Ал бизнес дайын өнімдер мен ауқымдауға болатын шешімдерге инвестиция салуға мүдделі. Осы екі кезеңнің арасында ғылыми идеяны өнеркәсіптік үлгіге айналдыруға қатысты ең күрделі бөлік орналасқан.
«Бұл кезеңде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған гранттар, прототиптеу орталықтары, технологиялық брокерлік және өнімді өнеркәсіптік қолданысқа жеткізетін құралдар қажет. Дәл осы жерде ғылыми идея дайын болғанымен, оның тәжірибелік партия мен нарықтық өнімге айналмай қалу қаупі туындайды», деді Саясат Нұрбек.
Осы мәселені шешу үшін министрлік тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау құралдарын кеңейтуді, Ғылым қоры базасында «қорлар қорын» құруды және QazInnovations қызметін қайта форматтауды ұсынып отыр. Бұл ретте қолдау тек цифрлық шешімдерге емес, экономиканың барлық саласына таралады.
Қазақстан неге әлемдік рейтингтерде төмендеп келеді?
Баяндамада инновациялық дамудың халықаралық бағасына да ерекше назар аударылды.
Global Innovation Index рейтингіне сәйкес, Қазақстан 139 елдің ішінде 81-орында тұр. Ел 2022 жылмен салыстырғанда көрсеткіштерін жақсартқанымен, өткен жылмен салыстырғанда 78-орыннан 81-орынға төмендеген.
Мәселе тек ғылымды қаржыландыру көлемінде емес. Қазақстан адами капитал, инфрақұрылым, цифрландыру және жоғары білім салаларында салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіштерге ие. Алайда бизнес тарапынан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындар, венчурлық капитал көлемі және зияткерлік меншікті коммерцияландыру көрсеткіштері бойынша айтарлықтай артта қалып отыр.
Яғни мемлекет қажетті инфрақұрылымның басым бөлігін қалыптастырғанымен, экономика тарапынан инновацияларға деген жеткілікті сұраныс әлі пайда болмаған.
Халықаралық ықпалдастық
Жаңа саясаттың ең ауқымды бағыттарының бірі – Қазақстанның Horizon Europe еуропалық ғылыми-инновациялық бағдарламасына қосылуы.
Министрлік мұны қосымша қаржыландыру көзі ретінде ғана емес, ұлттық инновациялық жүйені жаңғыртудың маңызды құралы ретінде қарастырады.
Министрдің айтуынша, қауымдастырылған ел мәртебесін алу Қазақстанға Еуропалық одақ мемлекеттерімен қатар Канада, Жапония, Аустралия, Түркия және басқа да серіктес елдермен бірлескен жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, Horizon Europe бағдарламасының 2028–2034 жылдарға арналған бюджеті 200 миллиард еуродан асады. Бағдарламаға қатысу халықаралық консорциумдарға, зерттеу инфрақұрылымына және венчурлық қаржыландыру тетіктеріне жол ашады.
Стартаптардан технологиялық тізбектерге көшу
Жаңа стратегияның тағы бір ерекшелігі – жекелеген инновациялық жобаларға ғана назар аударудан бас тарту.
Министрлік ғылым, университеттер, өнеркәсіп және өңірлер біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін толық қосылған құн тізбектерін дамытуды ұсынады.
Мысал ретінде министр тазартылған селен өндірісін келтірді. Мұнда шикізатты технологиялық өңдеуден өткізгеннен кейін өнімнің құны ондаған есе артады.
Осыған байланысты өңірлік университеттерге ерекше рөл жүктелмек. Олар әкімдіктермен бірлесіп, өңір экономикасының технологиялық қажеттіліктерін анықтап, бизнес сұранысын қалыптастырып, зерттеулер ұйымдастырып, жаңа өндірістерді енгізуге қолдау көрсетеді.
Бұл тәсіл Еуропалық одақ елдерінде кеңінен қолданылатын smart specialization қағидатына негізделген. Яғни әр өңір өзінің бәсекелік артықшылықтары жоғары салаларды дамытуға басымдық береді.
Ғылымның экономикадағы рөліне жаңа көзқарас
Министрдің сөзінше, Қазақстан инновациялар тек ғылымның нәтижесінде пайда болады деген түсініктен бас тартып, ғылымның өзі экономиканың нақты сұраныстарына жауап ретінде дамитын модельге көшуі қажет.
«Біздің модельдің негізгі идеологиялық ұстанымы – “ғылым арқылы инновация” тәсілінен “инновация арқылы ғылым” тәсіліне көшу. Яғни бастапқы нүкте экономиканың нақты технологиялық міндеті болуы керек», деді Саясат Нұрбек.
Ол сондай-ақ Қазақстанның технологиялық дамуының шынайы жолын ұсынды.
«Қазақстан жедел технологиялық бейімделу еліне айналуы тиіс. Әлемдегі барлық мемлекеттер негізгі технологияларды өздері ойлап тапқан жоқ. Жапония транзисторды, Корея металлургияны, Қытай литий-ионды батареяны, Финляндия GSM технологиясын алғаш болып жасаған жоқ. Бірақ олар игеру, жергіліктендіру, жетілдіру және кейін өз әзірлемелерін жасау жолынан өтті. Қазақстан үшін де тиімді жол – лицензия алу, игеру, жергіліктендіру және кейін өз технологияларын әзірлеу», деді министр.
Инновациялар мемлекеттік саясаттың өзегіне айналмақ
Министрлік ұсынған модель ғылым саласынан әлдеқайда ауқымды. Ол технология трансферінің жаңа құралдарын енгізуді, технологиялық ваучерлерді, академиялық озықтық орталықтарын құруды, спин-офф компанияларды дамытуды және өңірлердің рөлін күшейтуді көздейді.
Сонымен қатар басты қағида өзгермейді: мемлекет процесті емес, нақты нәтижені қаржыландыруы тиіс.
Сондықтан инновациялық жүйенің тиімділігі ғылыми зерттеулер саны бойынша емес, енгізілген технологиялар, іске қосылған өндірістер, экспорттық шешімдер және жаңа қосылған құн тізбектерінің саны бойынша бағалануы қажет.
Шын мәнінде, бұл Қазақстанның инновациялық саясатын жекелеген жобаларды қолдау режимінен толыққанды технологиялық экономика қалыптастыру кезеңіне көшіру әрекеті. Бұл өзгерістердің қаншалықты нәтижелі болатынын алдағы жылдар көрсетеді. Алайда қазірдің өзінде жаңа стратегияның өзегінде ғылымның өзі емес, оның нақты экономикалық нәтиже бере алу қабілеті тұрғаны анық.