Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
«Стиль таза Қызылорда» – бүгінде аймақ жұртшылығына жақсы таныс әннің тіркесі. Respublica партиясының форумында бұл сөз жаңа мағынаға ие болды. Бұл жолы әңгіме әндегі стиль емес, уәдеден бұрын нақты іске сүйенетін саясаттың стилі туралы өрбіді,- деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Respublica партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұргүл Тау Respublica фракциясында небәрі алты депутат болғанымен, олардың жүздеген заңнамалық бастамаға мұрындық болғанын атап өтті.
«Парламентте Respublica партиясынан бар болғаны алты депутат болдық. Бірақ алпыс депутаттың жүгін көтердік. Үш жыл ішінде 300-ге жуық заң жобасымен жұмыс істеп, 3000-нан астам түзету енгіздік. Вейптерге тыйым салуға, Салық кодексіне өзгерістер енгізуге, инклюзияны дамытуға, мектептегі тамақтану сапасын жақсартуға, отандық бизнесті және білім беру саласын қолдауға қатысты маңызды шешімдердің қабылдануына үлес қостық. Әр заңның артында бізге сенім артқан адамдардың тағдыры тұр», – деді ол.
Нұргүл Тау VIII шақырылым депутаты Олжас Құспековтің жұмысына да тоқталды. Ол мемлекеттік шекарада сарбаздармен бірге қызмет атқарып, олардың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көрді. Соның нәтижесінде заңнамаға өзгерістер енгізіліп, мерзімді әскери қызметін адал өтеген жастарға жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына жалпы конкурссыз түсу мүмкіндігі берілді.
Сондай-ақ ол жаңа Салық кодексін талқылау кезінде Айтуар Қошмамбетовтің шағын және орта бизнестің мүддесін табанды қорғағанын ерекше атап өтті.
«Парламенттегі 98 депутаттың ішінде Айтуар Қошмамбетов кәсіпкерлердің құқығын қорғауда ерекше белсенділік танытты. Егер біздің қатарымыз көбейсе, ел үшін атқарар жұмысымыз да еселене түседі. Сондықтан 23 тамызда Respublica партиясын қолдауға шақырамын», – деді кандидат.
Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Айтуар Қошмамбетов партияның жаңартылған сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Оның айтуынша, Respublica алдағы уақытта да отандық өндірісті дамытуға, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті қолдауға және өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейтуге басымдық береді.
Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смолякова жаңа Салық кодексін талқылау кезінде фракция атқарған жұмыстарға тоқталды.
«Біз қосылған құн салығын 20 пайызға дейін көтеруге жол бермей, оның 16 пайыз болып бекітілуіне үлес қостық. Сондай-ақ шағын және орта бизнестен түсетін салықтың жергілікті бюджетте қалып, өңірлердің дамуына жұмсалуын ұсындық», – деді ол.
Оның айтуынша, Respublica мектептегі тамақтану жүйесіне жаңа стандарттарды енгізуге де бастамашы болып, балалардың сапалы әрі қауіпсіз тамақпен қамтылуына ықпал етті.
Форумда сөз сөйлеген Құрылтай депутаттығына кандидат Ерболат Мұхамеджан партияның басты өлшемі – нақты нәтиже екенін айтты.
«Саясатта екі түрлі жол бар. Бірі – жиырма жыл бойы мәселені айтып жүреді. Екіншісі – үш жылда шешімін табады. Халық екеуінің айырмасын жақсы ажырата бастады», – деді ол.
Форум жергілікті өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.